Ақтөбеде кәсіпкерлер 1,5 жылдан бері шетелдік компаниядан ақысын ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде кәсіпкерлер 1,5 жылдан бері шетелдік компаниядан ақысын ала алмай жүр

12.03.2021

Ақтөбеде жол құрылысымен айналысқан 35 кәсіпкер бір жарым жылдан бері ақыларын ала алмай жүр. Айтуларынша, олар әзірбайжандық компанияға құрылысқа қажетті жеке техникасын жалға берген. Соңғылары жұмыс әлдеқашан бітсе де, ақшаны бермей, созбақтап келеді. Қазірге дейін шетелдік компанияның жалпы берешегі 1 миллиард теңгеден асып кеткен.

«Ақтөбе-Атырау» бағытындағы жол құрылысы 2017 жылы басталған. Тендер 3 кезең бойынша өтіп, оның бірін әзірбайжандық компания ұтып алған. Олар жергілікті кәсіпкерлерден техниканы жалға алған. Бірақ, бір жарым жылдан бері келісілген ақшаларын бермей отыр. Қазір тек осындағы 35 кәсіпкердің өзіне қарызы 200 млн-ға жуық.

Еркін Есқазин,  кәсіпкер:
40 млн үстінде алажағымыз бар. Енді артымызда жұмысшыларымыз бар техника айдаған. Соларға да 5-6 миллион қаражатын бере алмай отырмыз.
 Рауан Сағиданов, кәсіпкер:
Денсаулықты беріп жұмыс істедік. Енді ақша жоқ. Кімнен сұрайын десек те шеті жоқ. 

«ҚазАвтоЖол» мекемесінің өкілдері болса, шет елдік компания жұмыстың 80 пайызын ғана орындағанын айтады. Оларға келісілген 9 миллиард теңгенін 70 пайыздан астамы төленген. Компания өкілдері бір ай бұрын қарызды өтеуге уәде берген. Алайда, оған дейін басшылары ауысып кеткен. Сондықтан, кәсіпкерлер өзімізге тиесілі ақша мүлдем қолымызға тимей ме деп алаңдайды. Дегенмен, оларды облыс басшылығы қабылдап, қолдау көрсететіндерін жеткізді.

Нұржауған Қалауов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
Қаржыландыру биылға жасалды. Қаржыландыру болған кезде бірінші кәсіпкерлермен жасалған келісімдерді орындап, қарыздарын өтеу жөнінде айтылды. Енді бізге уақыт берулеріңізді сұраймын. Себебі, біздің қолымызда тұрған жоқ, біз екі ортада делдал ретінде отырмыз.

Облыс басшылығы бұл мәселе жөнінде министрлікті де хабардар еткен. Қарызды өндіріп алу бойынша жұмыстар нәтижесін берсе, алдағы сәуір айында кәсіпкерлер қаржыларын толық алулары тиіс.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу