Павлодар облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы 2 айға қамалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы 2 айға қамалды

04.09.2018

Павлодар облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы лауазымды қызметке тағайындалғанына бір жыл толмай жатып қамауға алынды. Ернұр Байғұрмановқа жергілікті кәсіпкерді 100 мың АҚШ долларын беруге мәжбүрледі деген айып тағылып отыр.

Ернұр Байғұрманов жалғыз емес. Онымен бірге екі әріптесі ұсталды. Қазір оларға «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды», деген айып тағылып отыр. Соған сәйкес өңірлік тергеу соты күдіктілерді 2 айға қамауға алу жөнінде шешім шығарды. Ал, Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы сотта өзінің кінәлі еместігін айтып, құны 20 млн. теңге тұратын ата-анасының баспанасын кепілге қалдырып,  үй қамағына босатуды сұрады. Бірақ, судья  қабылдамады.

Тергеу деректеріне  қарағанда, күдіктілер 100 мың долларды екібастұздық  танымал кәсіпкер, көмір өндіретін кеніштің иесінен сұраған. Ол бірден Астанаға барып, құзырлы мекемеге шағым түсірген. Ұлттық бюро қызметкерлері жедел шара өткізіп, кәсіпкерге қатысты лауазымды қызметкер тарапынан оның қылмыстық әрекетін айғақтайтын «келіссөз» жүріп жатқанын біледі. Түрлі ақпарат агенттіктері таратып жатқан мәліметке сүйенсек, күдіктіні ұстап, оның жұмыс орны мен пәтерін тінту кезінде пара алу дерегі болғаны анықталған. Ернұр Байғұрмановтың кінәсі дәлелденген жағдайда, ол 15 жылға дейін сотталуы мүмкін.

 

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу