Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толды

05.03.2021

Бүгін «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы Әлихан Бөкейханның туған күні. Мемлекет және қоғам қайраткерінің 155 жылдығына орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі жазбасында «Ол – халқымыздың біртуар перзенті, Алаш қозғалысының негізін қалаушы. ХХ ғасыр басында Әлихан бастаған қазақ зиялылары ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етіп, мемлекетшілдіктің озық үлгісін көрсетті» деді. 

Жер, тіл, адам құқығы мен әділдік һәм қазақтың тұтас тәуелсіздігі. Әлихан Бөкейхан осы қасиетті ұғымдар үшін күресті. Сол үшін талай тауқымет тартып, сол жолда жанын қиды. «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, бір сөзбен - күрескер ретінде із қалды. Әлихан Бөкейхан қайраткер ғана емес, ұлттық мүдде үшін ізденген іргелі ғалым да болатын. 

Сұлтанхан Жүсіп, әлихантанушы-ғалым:
Әлекеңнің Сергей Щвецов деген ғалым досы болған патша заманында да, Кеңес дәуірінде де. Сол кісінің 1928 жылы Әлиханға берген мінездемесінде ол қазақтың қой, ірі қара шаруашылығы туралы академиялық тұрғыда очерктер жазып кеткен. Бірақ, ол очерктері өте аз данамен шыққандықтан, қазір қолымызға түспей отыр. Міне, Әлекеңнің ғылыми құндылығы тәуелсіз Қазақстан үшін де әлі жоғалған жоқ. 

Рас, Әлихан Бөкейханның қалам тербеп, зерттемеген саласы жоқ. Қазақ халқының жан-жақты дамуы үшін көп ізденді. Қазіргі таңда жазбалары жинақталып, том-том кітапқа айналды. Бірақ, Әлихан бастаған Алаш қайраткерлерінің есімі, ерлігі, еңбегі әлі де насихатты қажет етеді.

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қазаққа қызмет еткен, қазақтың болашағы үшін құрбан болған қайраткерлеріміздің қастерлі есімдерін әлі ұлықтай алмай отырмыз. Ең бастысы біз осы Алаш арыстарын ұлықтай білуіміз керек, Әлихан бастаған.

Ә.Бөкейханов қылышан қан тамып тұрған тұста империяға қарсы күресті. Бірақ, Алаш көсемі қазақтың түбі тәуелсіздік аларын көре білді. 

Сұлтанхан Жүсіп, әлихантанушы-ғалым:
Әлиханның 1917 жылы жалпы сібір съезі қазақ депутаттары деген мақаласында айтады: Қазақ баласы бүгін болмаса ертең өз тізгіні өзінде жеке мемлекет болады деп, Әлиханның сол айтқаны 1991 жылдың 16 желтоқсанында жүзеге асты. 

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу