Мемлекеттік бағдарлама бойынша 15 мың адам жұмысқа тек қағаз жүзінде орналасқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік бағдарлама бойынша 15 мың адам жұмысқа тек қағаз жүзінде орналасқан

26.02.2021

Қағазда бар, жұмыс орнында жоқ. Осылай деген Мәжіліс депутаттары күні кеше жұмыспен қамту бағдарламасындағы олқылықтарды жайып салды. Премьер-министрге сауал жолдаған олар салық пен зейнетақы аударымдарын жалпыүкіметтік деңгейде бақылау керек деп отыр.

Елде 200 мыңнан аса адам жұмыссыз. Бұл арнайы орталықтарға тіркелгендердің саны. Өзге зерттеулерге сәйкес олар 500 мыңға жуықтайды.

Руслан Тілеубаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департамент директорының орынбасары:
450 мыңнан астам жұмыссыз бар дегенде бұл статистикалық, математикалық әдістермен есептеулер арқылы анықталатын мәліметтер.

Мәлімет әр түрлі болғанымен, мәселе бір. Санды қысқарту қажет. Былтыр «Еңбек» бағдарламасына 131 млрд теңге бөлінді. Карантиндік шектеулер кезінде 50 млрд теңге қосымша қаралды. Нәтижесінде 437 мың адам жұмысқа кіріп, оның 320 мыңға жуығы тұрақты орналасты. Тағы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 239 мың тұрғын екі қолға бір күрек тапты. Бірақ, тексерістен тек қағаз жүзінде «тер төгіп жүргендері» анықталған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отыр. Бірыңғай ақпараттық жүйеге бір адам туралы мәлімет қайта-қайта енгізіледі. 15 мың жағдай тіркелген. Жұмысқа орналасқандардың үштен бірі зейнетақы қорына ақша аудармаған болып шықты.

Мәселенің мәнісін түсіндіруді мәжіліс депутаты Үкімет басшысынан сұрады.

Айгүл Нұркина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
Сала министрлігі тұрғындарды жұмысқа «қағаз» жүзінде есеп үшін орналастырған немесе бұл көлеңкелі экономика. Мұның арты салыққа және әлеуметтік төлем мен зейнетақыға кері әсер етеді.

Аталған 15 мыңдай адамның жұмысқа орналасқаны анық,-дейді министрлік өкілі. Тек бір жобаны аяқтап, екіншісіне ауысқанда ақпараттық жүйеде мәліметтері сақталып қалған. Бар кілтипан осы. Дегенмен, жүйені жетілдіру көзделіп отыр.

Руслан Тілеубаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департамент директорының орынбасары:
Жұмыспен қамту жол картасы бойынша жұмысқа орналастыруға мониторинг жүргізетін ақпараттық жүйені салық органдарының ақпараттық жүйесімен интеграциялау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл өз кезегінде олардың салықтың түскен-түспегендігі туралы нақты ақпарат береді.

Жұмыс берушілер мен бағдарлама қатысушылары арасындағы салық түсімі мен зейнетақы аударымы жалпыүкіметтік бақылау жүйесіне алынуы тиіс. Депутаттардың ұсынысы осы. Жүйе заңсыз жұмыспен қамту және жалған деректерді автоматты түрде анықтауы шарт.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу