Көктемнің басталуына оншақты күн қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көктемнің басталуына оншақты күн қалды

21.02.2021

Жыл басында Президент Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласы жарияланғаны мәлім. Мемлекетіміздің 30 жылдығына орай жазылған мақалада мән беру керектерді де тізеді. «Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат» дей келе, бірақ табиғатты бағалай алмайтынымызға, тіпті тағы мінезімізге тоқталған.

Цитата: «Көкжайлауға от жағып, қоқыс шашып кеткен де, Көбейтұздың батпағын шелектеп тасып, көлдің ортасында көлікпен ойқастаған да солар. Бір тұтам мүйізі үшін көзін мөлдіретіп киіктерді қырған да өзгелер емес. Қасиетті жеріміздің киесінен қорықпай, жат жұрттың да қолы бармас әрекеттерді жасап отырып, қалайша осы мекеннің иесіміз деп кеуде соға аламыз? Мұның бәрі тәлім-тәрбиеден басталады. Ата-анасымен бірге ауласына ағаш екпеген, үлкендердің жан-жануарға мейірімін көрмеген, кішкентайынан табиғатты аялауға дағдыланбаған бала өскенде туған жеріне жаны ашымайды. Мәселе экологияда емес – отаншылдықта, заңда емес – санада».

Көктемнің басталуына оншақты күн қалды. Еріген қардың астынан шығатын күл-қоқысты, онымен қоса мидағы «күл-қоқысты» тазалайтын уақыт келді. Айтпақшы, біз ғой - солтүстіктегілер көктемді күткен, Түркістан облысында шаруалар өнім жинап жатыр.

Ғаламдық жылыну туралы проблеманы ойламасақ, «Кең байтақ жерім менің!» деген тіркес еске түседі. Арқада боран, оңтүстікте күн жарқырап тұр.


Хабарламаларға жазылу