2023 жылға қарай педагогтердің жалақысы екі есе өсіп, 330 мың теңгеден асады. Бұл туралы Мәжілісте «Nur Otan» партиясының сайлау алдындағы міндеттемелерін іске асыру бойынша Жол картасын талқылау кезінде Премьер-Министр Асқар Мамин мәлімдеді.
«Орташа жалақы жыл сайын кемінде 25 пайыз өседі. 2023 жылға қарай білім беру жүйесі білікті мұғалімдермен 100 пайыз қамтылады», - деді Үкімет басшысы.
Айтуынша, еліміздегі барлық балаларға жақсы тәрбие мен сапалы білім алуға бірдей жағдай жасалады, толыққанды тұрмыс жағдайы мен әрбір баланың құқығының қорғалуына кепілдік беріледі.
3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен толық қамтылады.
Апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін толық шешу үшін 800 мектеп салынады. Биыл 200 жаңа мектеп пайдалануға беріледі.
2025 жылы ауыл мектептері интернетпен, компьютерлермен және оқу процессін ұйымдастыруға қажет тағы да басқа жабдықтарымен қамтамасыз етіледі.