Алматыда өртенген көліктің шығынын кім өтейді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда өртенген көліктің шығынын кім өтейді?

09.02.2021

Алматыда техникалық жөндеу орталығында түгі қалмай жанып кеткен көлік иелері шығынын кімнен дауларын білмей әлек. «Тергеушіден де, орталық қожайынынан да мардымды жауап алмай, құр сенделіп жүрміз»-дейді олар. Қала орталығындағы техникалық жөндеу нысанында осыдан 1 апта бұрын 20 машина бір мезетте жанып кеткен еді. Бұзылған көлігін жөндетеміз деп жер сипап қалған жүргізушілердің шағымын тілшіміз Жазира Оразқызы тыңдап қайтты.

Жазира Оразқызы, тілші:
-Түн ортасында шыққан тілсіз жауды ауыздықтауға техникалық жөндеу орталығындағы мына бір ғана өрт сөндіру құралының шамасы жетпеген көрінеді. Өрт сөндірушілердің өзі бұл жердегі қызыл жалынды 2 сағатта әрең сөндірген. «Ал шығынымызды кім өтейді?»- деп шырылдаған автокөлік иелері не істерін білмей дал.

6 жылдан бері айдап жүрген автокөлігінің күлге айналғанын естігенде Талғат Аманқұлов аң-таң күйде болған. Темір тұлпарын 350 мың теңгеге жөндетсем деп жүргенде, дымсыз қалды.

Талғат Аманқұлов, көлігі өртенген жүргізуші:
-Құны 5 млн машинам өртеніп кетті. Құқық органдарынан ешқандай әрекет жоқ.

Талғаттікімен бірге мұнда 20 көлік түгі қалмай жанып кетті. Шарасыздықтан шаршаған жүргізушілер енді тәуелсіз сараптамаға жүгінеміз деп отыр.

Руслан Сатанов, көлігі өртенген жүргізуші:
-Біз қазір ешкімге сенбейміз.

Көлік иелерінің сөзінше, техникалық нысан төтенше жағдайдан сақтандырылмапты. Тіпті, дабыл қаққыш қондырғысы да болмаған.

Леонид Ким, техникалық жөндеу орталығының қызметкері:
-Өрт менің көз алдымда тұтанды. Өзіміз сөндіруге тырыстық. Бір ғана өрт сөндіру құралын таптық, көмектеспеді. Сумен өшіріп көрдік, ештеңе шықпады.

Көлік иелері сау тамтығы қалмай жанып кеткен мүлкіміздің шығынын өтетпей, қоймаймыз деп отыр. Ал автоқызмет мамандары сараптама нәтижесіне сілтеді.

Геннадий Филиппов, техникалық жөндеу орталығының қызметкері:
-Орталық иелері ресми қорытынды күтіп отыр. Қазір нысанның егесі ауруханада жатыр. Көлік иелеріне жағдайды түсіндіруге тырыстық. Алайда олар өз дегендерінен қайтар емес.

Алматы қалалық полиция департаменті бұл оқыс оқиғаға қатысты қылмыстық істің қозғалғанын, сараптама нәтижесі кем дегенде 20 күннен соң дайын болады деген мәліметпен ғана шектелді. Ал мүлкінен айырылған азаматтардың әзірге қаңтарылып тұрған көлігінің қаңқасын көруден басқа амалы жоқ.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу