Сарыағаш тұрғыны 150 адамның басын қосып, көкпар ұйымдастырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарыағаш тұрғыны 150 адамның басын қосып, көкпар ұйымдастырған

08.02.2021

Түркістан облысында Сарыағаш ауданының тұрғыны 150 адамның басын қосып, көкпар ұйымдастырған. Оған әкімшілік айыппұл салынып, жиналған жұрт тарқатылды. Жыл басынан бері шекаралық ауданда жасырын түрде ұйымдастырылған 10-нан аса көкпар тоқтатылды.

Шымкент қаласында демалыс күндері бірнеше мейрамханада той думан ұйымдастырылған. Шаһар орталығындағы зәулім сарайлардың бірінде өткен қыз ұзату тойын полиция инспекторлары әрең тоқтатты.

Той иелері мен мейрамхана қожайынының карантиндік шектеулерге мойынсұнбағаны соншалық, 200-дей адам шақырған. Тойды қас қарая бастаған. Мейрамхана қожайыны мен той иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тап осындай заңбұзушылық тағы екі тойхана мен бір дәмханада да тіркелді.

Ақмола облысында да той өткізу тыйылмай тұр. 6-ыншы ақпанда Көкшетаудағы мейрамханада бір кәсіпорын 200 адамға ұжымдық кеш ұйымдастырған. Сондай-ақ, қалада демалыс күндері үйлену тойын және қыз ұзату өткізгендер анықталды. Ал Целиноград ауданы Қабанбай батыр ауылының тұрғыны 70 жылдығын мейрамханада 80 адамның басын қосып атап өтуді жөн көріпті. Демалыс күндері облыс бойынша барлығы 500-ге жуық нысан тексеріліп, оның 20-сында карантин талаптары бұзылғандығы анықталды.


Хабарламаларға жазылу