Шымкент тұрғыны 200 адамды шақырып, қыз ұзату тойын өткізген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент тұрғыны 200 адамды шақырып, қыз ұзату тойын өткізген

08.02.2021

Шымкентте демалыс күндері бірнеше мейрамханада той думан ұйымдастырылған. Шаһар орталығындағы зәулім сарайлардың бірінде өткен қыз ұзату тойын полиция инспекторлары әрең тоқтатты.

Карантиндік шектеулерді елемеген той иелері бұл шараға 200-дей қонақ шақырған. Және той күн бата басталған. Тап осындай заңбұзушылық тағы екі тойхана мен бір дәмханада тіркелді. Мобильді топ мерекелік шараны тоқтатып, қонақтарды үйлеріне қайтарды. Ал мейрамхана қожайыны мен той иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ақмола облысында да той өткізу тыйылмай тұр. 6 ақпанда Көкшетаудағы мейрамханада бір кәсіпорын 200 адамға ұжымдық кеш ұйымдастырған. Сондай-ақ, демалыс күндері үйлену тойы мен қыз ұзату өткізгендер анықталды. Ал Целиноград ауданыныфң тұрғыны 70 жылдығын мейрамханада 80 адамның басын қосып атап өтуді жөн көріпті. Демалыс күндері облыс бойынша барлығы 500-ге жуық нысан тексеріліп, оның 20-сында карантин талаптары бұзылғаны анықталды. 

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу