Онкологиялық аурумен есепте тұрғандардың қатары 190 мыңнан асып кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Онкологиялық аурумен есепте тұрғандардың қатары 190 мыңнан асып кеткен

04.02.2021

Бүгін - Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні. Қазақстан үшін бұл тақырып өте өзекті. Өйткені елімізде қатерлі ісікке шалдыққандардың саны күн санап артып барады. Қазір есепте тұрғандардың қатары 190 мыңнан асып кетті. Оның үстіне қауіпті дерт жасарып жатыр. Мамандар обырдан қорғанудың негізгі тәсілі – скрининг деп отыр.

Обыр ойын баласына да көшті. Даниал 12-ге толғанда жүрісі ауырлады. Көп өтпей, төсекке танылды. Диагнозы – жұлындағы ісік. Оған 4 күн бұрын операция жасалды. Қазір қайта қаз басып жүр.

Даниял Мұрзабеков, Қостанай облысының тұрғыны:
-Басында ақсап бастым. Кейін аяғым жүрмей қалды. Бірнеше ай жатып қалдым. Енді жүре алмай қалам ба деп қорықтым.

Ал Хурсандбек 10 жаста. Мидың қатерлі ісігіне шалдыққан. Балаға бүгін операция жасалады.

Динара Хайметова, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Шымкентте бір ай жатып, ем алдық. Осында келіп отырмыз.

Дерт жас таңдамайтын болған. Былтыр кеселге 36 мың адам шалдыққан. Қара тізімді– сүт безі ісігі бастап тұр. Одан соң - өкпенің қатерлі ісігі, асқазан, ішек, жатыр мойын обыры көп. Есепте тұрғандардың саны 190 мыңнан асып жығылады. Солардың бірі – Маржан Бидайбекова. Ол үш баланың анасы. Операция арқылы оңалып келеді.

Маржан Бидайбекова, Алматы қаласының тұрғыны:
-Бастың ауруы қатты қоймады. Қатты мазалап жіберді. Массаж жасаймын, ертеңінде тағы ауырады. МРТ түстім, белгілі болды. Қазіргі жағдайым жақсы, ойдағыдай. Ісігім бәрі басылды.

Жыл сайын онкологиялық аурулардан елде 14 мың адам көз жұмады. Ал індеттің ілмегіне іліккендердің 56 пайызы еңбекке қабілетті адамдар.

Мұратбек Тілеубергенов, Ұлттық нейрохирургия орталығының нейрохирург дәрігері:
-50 мыңға жуық операция жасалатын болса, соның 60-65 пайызы қатерлі ісік болып келеді. Жалпы, ісіктің қайдан болатыны анықталмаған. Бірақ, радиациялық жағдайлар, психо-эмоцианалдық жағдайлар әсер етуі мүмкін.

Мамандардың айтуынша, жаман ауру түрлі жолмен жабысады. Сондықтан, жылда жіті медициналық тексерістен өткен жөн. Өйткені, ауру неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым дерттің дауасын табу оңайға түседі.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу