Бішкек-Алматы трассасында жол апатынан үш адам қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бішкек-Алматы трассасында жол апатынан үш адам қайтыс болды

04.12.2017

Бішкек-Алматы трассасында Алматыдан 63 шақырым жерде 3 адамның өмірін қиған жол апаты болды. 43 жолаушысы бар автобус Шымкенттен Алматыға келе жатқан. Алдын ала мәліметтер бойынша, көктайғақтың кесірінен жүргізуші рульге ие бола алмай қалған. Оқиға орнына дер кезінде жеткен жедел-жәрдем жақын маңдағы Ұзынағаш елді мекенінің ауруханасына 26 адамды жеткізді. Үшеуі жансақтау бөліміне жатқызылды. Алайда, солардың бірі - 1998 жылы туған азамат көз жұмды. Ал, қазір мұнда әлі де жағдайы аса ауыр 5 адам жатыр. Дәрігерлер оларға барынша көмек көрсетуде. 

Оқиға бүгін таңғы сағат сегіздер шамасында болған. 43 жолаушысы бар автобус Шымкенттен Алматыға бет алған бойда жыраға аударылып кеткен. Автобустың бірде-бір бүтін жері жоқ. Ішіндегі 43 адамның 10-ы аса ауыр жарақат алып, екі адам, өкінішке қарай, қайтыс болған. Қазір адамдардың барлығы ауруханаға жеткізілді.

Алматының іргесіндегі Ұзынағаш ауылындағы ауруханаға 26 адам жеткізілді. 1998 жылғы жігіт пен қыз ауыр халде түсті. Алайда, жансақтау бөліміне түскен жас жігіт қайтыс болды. Ал, Шымкенттегі анасын көріп, кері қайтқан студент Гүлсапар есін енді жиды.

Гүлсапар Алеева, жолаушы:

- Бір рет аударылғанда мен ұшып кеттім. Арқам орындықтың теміріне тиді. Тағы бір рет аударылған кезде жерге құладым, үстіме бір адам құлады.

Жолаушылардың көпшілігі шырт ұйқыда болған. Тіпті, кейбіреулері автобус бір рет аударылғанда да ояна қоймаған. Айналадағы адамдардың үрей-айқайы мен жылаған дауыстарына ғана жол апаты болғанын түсінген. Көлік ішінде балалар да болған. Абырой болғанда, аналары бүлдіршіндерді денесімен қалқалап, аман алып қалған.

Меруерт Нұрбалиева, жолаушы:

- Өзім таңға қарай ұйықтап кеткенмін. Қасымдағылар жатыр. Көлік екі аударылды дейді. Екінші рет аударылғанда есімді жиып тұрып жатыр екенмін. Сол кезде белімді қысып жатқаны есімде. Қасымда 3 жасар қызым болды.

Адамдар апат кезінде шығатын есік арқылы құтқарылды. Ал, еш жарақатсыз аман қалғандар медициналық көмектен бас тартыпты. Олар өзге көліктерге отырып, үйлеріне жеткен.

Ботакөз Медетбекова, Жамбыл аудандық ауруханасы емдеу ісі бойынша директорының орынбасары:

- Көбінесе жабық бас-ми жарақатымен түсті. Қазір жағдайлары қалыпты. Ем алып жатыр.

Аудандық ауруханаға түскен 26 адамның үшеуі Қарасай ауданының азаматы. Олар жергілікті емханаларға қаралуға жіберілді. Қалған 17 адам амбулаториялық бақылауға алынды.

Көбейхан Нұрахмет, облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

- Жол-патрульдік полициясымен Жамбыл аудандық Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері жол апаты болған жерде жұмыс істеп жатыр. Қазір осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Қайтыс болған адамдардың үшеуі де ер адам. Алдын ала мәліметке сүйенсек, олар Сарыағаштың тумалары. Ал, автобус апаты неден болғандығы әзірге белгісіз. Тек сараптама қорытындысынан кейін анықталады.

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу