Бизнеске қолдауды арттыру қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бизнеске қолдауды арттыру қажет

27.01.2021

Биыл шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ең басты назарда болады. Мемлекет басшысы Үкіметке «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп 1 айдың ішінде қажетті іс-шаралар топтамасын әзірлеуді де тапсырды. Жалпы бизнес карантин кезінде үлкен шығынға ұшыраған салалардың бірі. Нәтижесінде, экономикаға түсетін кіріс те біршама азайған.

Елде халықты бизнеске баулуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ оның тиімділігіне қатысты мәселе көп.

Мысалы, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «Бизнес-бастау» бағыты бойынша 150 мыңнан астам адам оқып шықса, соның тек 10 пайызы несиеге, 19 пайызы грантқа ие болған. Ал қалған 100 мыңнан астам адам мемлекет қолдауынан тыс қалған.

Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға да оңай соқпай тұр. Карантинге жабылып, жұмыс уақыты қысқарған бизнес өкілдерінің шығыны шаш етектен. Ал кірісті көбейтуді ойлап төтенше жағдай талабын бұзған 4 мыңнан астам кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалаған. Мемлекеттік органдардың жергілікті өнімдер мен қызмет түрлерін сатып алу көрсеткіші де төмен.

Былтыр 9 айда 12,5 трлн теңгеге сатып алулар жүргізілген. Оның тек 52 пайызы ғана отандық өнімдердің еншісіне тиесілі. Яғни, 6,1 трлн теңге шетелдік кәсіпкерлердің қалтасына кеткен.

Ал сарапшылар шағын және орта бизнеске қатысты мемлекеттік саясатты дереу өзгерту керек деп отыр.

Экономист өз деңгейінде табысқа жетіп бизнесін кеңейтемін дегендерге арнайы пакеттер әзірленіп, қолдау көрсетілу керек дейді. Сонда кәсіпкерлерге жасалған қолдау мемлекеттік деңгейде тиімділігін арттырады деп отыр.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу