Түркістан облысында қар құрсауында қалған 14 адам құтқарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында қар құрсауында қалған 14 адам құтқарылды

26.01.2021

Түркістан облысында қалың қардан көлік қатынасы әлі қиын болып тұр. Созақ ауданы мен Кентау қаласының аралығында далада қалған жолаушылар құтқарылды. Таулы өңірде биіктігі бір жарым метрге дейін қар жауып, көліктердің жүруіне шектеу қойылған. Соған қарамастан жүргізушілер жолға шығуын тоқтатар емес. Жолды қардан тазартып жүріп жанар-жағармайлары таусылған үш көлік табылып, адамдар қауіпсіз жерге көшірілді. 

Ғалымжан Аңдасып, Ащысай ауылының әкімі:
Қазір 14 адам құтқарылды. Қазір адамдар Кентауға қарай эвкуциаланып жатыр.

Ал Жамбыл облысында боранда адасып кеткен екі балықшы аман-есен табылды. Жуалы аудандық құтқару қызметіне Қызылдихан ауылы маңына балық аулауға шыққан тұрғындардың із-түссіз кеткені хабарланған. Жедел жолға шыққан құтқару жасағы түні бойы тоңып қалған 2 адамды тапты. Сондай-ақ, Сарысу ауданында бір отар қойымен ақ түтек боранда адасып кеткен шопан да құтқарылды. Бағытынан жаңылған қойшы елді мекеннен 45 шақырым жердегі Бетбақдаладан бір-ақ шыққан.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу