Семейдегі ыстық су құбыры жарылған үйдің шығыны есептеліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейдегі ыстық су құбыры жарылған үйдің шығыны есептеліп жатыр

08.01.2021

Семейде қақаған аязда ыстық су құбыры жарылып, пәтерлерін су басқан үйде жауапты компания жөндеу жұмыстарын бастады. Әкімшілік өкілдері шығын көлемін есептеп жүр. Кейбір баспананың сау-тамтығы қалмаған. Дүние-мүлкі бүлінген. Шығынды кім өтейді, тұрғындарға қандай көмек беріледі? Ержан Жақып біліп қайтты.

Тоғыз қабатты тұрғын үйде су құбырлары шатыр арқылы өтеді. Түн ортасында жарылғанда ыстық су бірінші қабатқа дейін ағып, тұрғындар түгел әуре-сарсаңға түскен. Жаңа пәтерге бір жыл бұрын ғана кірген Зарина Куевбаеваның үйі мен қоса аққан судан дүние-мүлкі тегіс бүлінген. Қазір пәтері тұруға жарамсыз. Уақытша көрші-қолаңды паналай тұруға тура келеді дейді.   

Зарина Куевбаева, тұрғын:
Үйде болмағанбыз. Көршілерім хабарласты. Үйге келсек төбенің барлық жерінен ыстық су ағып жатыр. Теледидардың үсінен сорғалады. Жиһаздар, дүние-мүлік түгел су болды. 

Үйді салған құрылыс компаниясы пәтердің бүлінген жерлерін түгелдей қалпына келтіреміз-деп уәде еткен. Жұмысты бастап та кетті. Алайда, жарамсыз болған жиһаз бен тұрмыстық техниканы кім өтейтіндігі әзірге белгісіз. 

Ержан Жақып, тілші:
Қазір бөлмелердің барлығы осылай астаң-кестеңі шығып жатыр. Судың қатты аққандығы соншалық қабырғалардағы түсқағаздар түгел сыпырылып түсіп қалған. Құрылысты жүргізген компания мынадай желдеткіштерді қойып, әрбір бөлмені кептіріп әлек. 

Мамандар барлық шығынды үйді салған компания өтейді-дегенді алға тартып отыр. Өйткені, жетімдер үйінің тәрбиеленушілері, аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар тұратын бұл жалдамалы пәтердің кепілдік мерзімі өтпеген. 

Әлия Төкішева, ТҮКШ бас маманы:
Бұл үйдің әлі кепілдік мерзімі аяқталған жоқ. Тұрғын үйді салған «Азия» ЖШС осы шығынды мойнына алып пәтер жалдаушыларға көмектесетін болады. 

Құрлыс компаниясының өкілдері де тұрғындарға көмек беріп, барлық ақауды толық қалпына келтіреміз деп уәде беріп отыр. 

Серік Момынов, «Азия» ЖШС техникалық директоры:
Тоғызыншы қабаттағы құбыр ақауын қалпына келтірдік. Тұрғындарға көмек береміз. Ешқандай мәселе болмайды.

Тұрғын үй коммуналдық бөлімінің мамандары пәтерлерді аралап, шығын көлемін анықтап, акт толтырып жүр. Әзірге қанша баспананың бүлінгендігі, тұрғындарға қанша шығын келгені анық емес. 

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу