Пандемиядан туындаған әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстанда жұмыссыздық 5% деңгейінде сақталып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты.
«Осы жылдың басынан бері 4,2 млрд теңгеге жалақы бойынша берешек өтелді, 31 мың жұмыскердің құқығы қорғалды. Қол қойылған меморандумдар аясында 2,3 млн-нан астам жұмыс орны сақталды. Пандемиядан туындаған әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, жұмыссыздықты 5% деңгейінде сақтауға мүмкіндік туды. Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің еңбек нарығы тиімділігінің рейтингі бойынша Қазақстан 30-орыннан 25-орынға көтерілді», - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ Асқар Мамин өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету және еңбек жағдайларын жақсарту мақсатында Өндірістік жарақаттануды және зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын азайту жөніндегі 2023 жылға дейінгі жол картасы іске асырылып жатқанын айта кетті.
«Карантин кезінде 475 млрд теңге сомасына 4,6 млн адам бір ең төменгі жалақы мөлшерінде табысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алды. Әкімдіктер, кәсіподақтар мен өңірлер кәсіпорындары арасында өзара ынтымақтастық туралы 131 мыңнан астам меморандум жасалды. Жұмыс берушілер алған міндеттемелерін орындаса, 2 млн 300 мың қызметкер үшін жұмыс орындары сақталады. Дағдарысқа қарсы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» іске асырылуда. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасын», «Еңбек» және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды қоса алғанда, жұмыспен қамту жөніндегі іс-шаралармен 1 млн 390 мың адам қамтылды, оның ішінде 730 мыңы тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілді», - деді ол.
Үкімет басшысы еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын кезең-кезеңімен қысқарту үшін 2021 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін Еңбек министрлігіне әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, 2030 жылға дейінгі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі тұжырымдаманы әзірлеуге тапсырма бері. Әкімдіктерге мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қол қойылған меморандумдар аясында жұмыс орындарын сақтау бойынша жұмыс берушілердің міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету, қызметкерлердің жаппай жұмыстан босатылуына жол бермеу және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын қабылдауды тапсырды.