Қызылордада жаңа нысандар ел игілігіне берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада жаңа нысандар ел игілігіне берілді

14.12.2020

Қызылордада Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Облыс орталығынан заманауи үлгідегі жекеменшік мектеп ашылса, мемлекеттік бағдарламаның арқасында 80 қызылордалық баспаналы болды.    

Сыр өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқынды. Тыңнан түрен салынған Сырдарияның сол жағалауында бүгінде жаңа қала бой көтерді. Міне, бүгін тағы 80 отбасы қоныс тойын тойлап, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қолынан пәтер кілттерін алды.  

Санат Жүзбай, қала тұрғыны: 
-Бүгін мен үшін өмірімдегі үлкен қуаныш болып тұр. Өйткені, осындай керемет мен үшін зәулім сарайдай көрініп тұрған қонысым. Облыс әкімінің құрмет, қошеметімен ие болдым.  

Мерекеге орай, аймақтың дамуы жолында өшпес із қалдырған тұлғаның есімі ұлықталды. Еңбегімен ел есінде сақталған мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевқа ескерткіш-бюст қойылды. Сондай-ақ осы күні қала орталығынан 500 орындық «Зерде» интеллектуалдық мектебі ашылды. Заманауи білім ордасы жергілікті кәсіпкердің өз қаржысына салынды.  

Ақзира Қасымова, облыстық білім басқармасының басшысы:
-Қызылорда облысы бойынша 8-ші жеке мектеп ашылуда. Сонымен қатар, мұның ішінде 2 мыңның үстінде балалар оқитын болады. Жалпы келесі жылға тағы да қазір бастап салынып жатқан 1 мектебіміз бар. 

Айшықты шаралар легі мұнан соң облыс әкімдігінде салтанатты жиынмен жалғасты. Әр салада жемісті еңбек етіп, еліміздің дамуына өзіндік үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталып, сый-құрметке бөленді.    

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу