Президент «Алтын сапа» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент «Алтын сапа» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты

11.12.2020

Келер жылы квазимемлекеттік субъектілерін құруға жарияланған мораторий ұзартылады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа-2020» байқауының жеңімпаздарын марапаттау шарасында мәлімдеді. Жалпы индустрияландыру кезеңінде елімізде 1300-ден астам жаңа өндіріс іске қосылып, 200 мың жұмыс орны ашылған. Президенттің айтуынша, пандемия мен экономикалық дағдарысқа қарамастан, өткен 11 айда өңдеу өнеркәсібінің өсімі 3,3 % деңгейінде сақталды. Биыл Индустрияландыру картасы аясында 200-ден астам өндіріс іске қосылды. 20 мың адам жұмыспен қамтылды. Соңғы 5 жылда экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 24-тен 32 пайызға артты. Бұл салада 3 жарым миллионға жуық адам еңбек етеді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
-Біз мемлекеттің экономикаға араласу үлесін айтарлықтай азайту үшін біртіндеп жағдай жасаймыз. Биыл квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға жарияланған мораторий аяқталады. Бұл бағыттағы мақсатқа әлі толық қол жеткізген жоқпыз. Сондықтан менің Жарлығыммен аталған мораторий келесі жылдың аяғына дейін ұзартылады. Мемлекет оңтайлы бизнес орта қалыптастырудан бөлек, еліміздегі кәсіпкерлікті жан-жақты дамыту үшін жүйелі шаралар қабылдамақ. 

Биыл «Үздік индустриялық жоба» аталымы бойынша Алматыдағы «Келет» кәсіпорны жеңімпаз атанды. Ал, «Үздік инновациялық жоба» жүлдесіне «KSP steel» серіктестігінің Павлодардағы филиалы ие болды. Жеңімпаздардың сыйлықтарын Президент атынан Премьер-Министр Асқар Мамин тапсырды. Бұдан өзге ірі өндіріс, халық тұтынатын тауарлар, қызмет көрсету мен азық-түлік немесе ауылшаруашылық өнімдерін шығарушы кәсіпорындар арасында үздіктер марапатталды. Президенттің «Алтын сапа» сыйлығын 12 бизнес өкілі иеленді. 14 кәсіпорын сыйлық аясындағы арнайы байқаудың жеңімпазы атанды. Өнімнің сапасы мен қызмет көрсету саласындағы жетістіктері үшін берілетін ТМД елдері аясындағы байқауда отандық 3 кәсіпорын дипломант және 2 бизнес субъктісі лауреат атанды.  

Айгүл Қосмұратова, «Абзал және компания» толық серіктестігі директорының орынбасары: 
-Еліміздің үмітін ақтап, осы конкурсқа қатыстық. Және бұл біздің барлық сатып алушыларға сапалы, жоғарғы деңгейде өніммен қамтамасыз ететіндігіміздің тағы да бір көрсеткіші деп білеміз.  
Ерлан Әшім, «Нәтиже» сүт фабрикасының құрылтайшысы: 
-Қазақстанның өндірушілері үшін үлкен мәртебе болып саналады. Біз өте қуаныштымыз. Бұл біздің «Нәтиже» компанисында жұмыс істеп жүрген 600 адамның әрқайсысының үлесі бар үлкен деп түсінемін.  

Дарын Сағитов  


Президент Алтын сапа конкурс

Хабарламаларға жазылу