Жуырда Бейжіңде ашылған “Абай мұрасы” залында Абай Құнанбайұлының 145 өлеңін, үш поэмасын және «Қара сөздерін» қамтитын қытай тіліндегі шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен, “Ұлттық аударма бюросы” және Чжэцзян өлкесінің Мәдениет және өнер баспа үйінің жәрдемімен Абай шығармаларын қытай тіліне белгілі жазушы, «Қытай жазушылары» баспа тобының бас басқармасының басшысы Әкбар Мәжитұлы аударып шықты.
Салтанатты рәсімге ҚХР бұрынғы мәдениет және туризм министрі Ван Мэн, ҚХР-дың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Чжоу Сяопэй, Қытай жазушылар қауымдастығы төрағасының орынбасары Ли Цзенцзи және басқа да құрметті қонақтар қатысқан.
Аударма авторы Әкбар Мәжитұлы 1954 жылы туған, қытай тілінде жазатын ҚХР-дың көрнекті жазушыларының бірі. 1982 жылдан бастап Қытай жазушылар одағының мүшесі, ҚХР Халықтық саяси консультативтік кеңесінің депутаты болған, үш рет ҚХР Мемлекеттік сыйлығының иегері, II дәрежелі “Достық” орденінің кавалері, оннан астам кітаптың, оның ішінде Абай шығармалары аудармаларының авторы.
«Әкбар Мәжитұлының аудармалары мен шығармашылық ізденістерінің арқасында бүгінгі таңда қытайлық оқырмандар Абай Құнанбайұлының ақындық және философиялық мұрасымен қатар қазақ әдебиетінің басқа да көрнекті классиктерінің шығармаларымен таныса алады», - деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.