Ақтөбе облысының Бестамақ ауылындағы шошқа фермасының экологиялық, санитарлық талаптарды бұзғаны және жерді ластағаны расталды. Тұрғындар шағымынан кейін арнайы тексеріс жүргізген комиссия осындай қорытынды шығарды.
Осыдан он күн бұрын ауыл халқы жиналып, шошқа өсіретін шаруашылық жұмысын тоқтатуды талап еткен еді. Өйткені, сойылған жануардың ондаған тонна ішек-қарыны мен өлексесі ауыл маңына көміліп келген. Салдарынан өзен мен ішетін су бүлінген, айналаны жағымсыз иіс жайлаған. Кәсіпкерге ферманы жабу немесе бағытын өзгерту талабы сол күйі қалып отыр. Ферма басшысы өз шешімін бір апта ішінде хабарлауы тиіс.
Нұржауған Қалауов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:-Заң бұзушылықтар бар. Соның ішінде ферманың жұмысында, санитарлық, эпидемиологиялық, экологиялық талаптардың бұзылуында кемшіліктер анықталды. Олардың мөлшерлері белгіленді. Барлық материалдары прокуротураға берілді. Бүгін тексерудің қорытындылары кәсіпорынның басшылығына таныстырылды. Алға ауданы ішкі істер бөліміне әрі іс қозғау үшін жеткізілді.
Жақсыбек Кемал