СҚО-ға оңтүстіктен 5123 адам көшіп келген, есесіне 10 мыңнан аса адам облыстан көшіп кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-ға оңтүстіктен 5123 адам көшіп келген, есесіне 10 мыңнан аса адам облыстан көшіп кеткен

03.12.2020
СҚО-ға оңтүстіктен 5123 адам көшіп келген, есесіне 10 мыңнан аса адам облыстан көшіп кеткен

СҚО-да өлім-жітім саны туу көрсеткішінен жоғары. Осы мәселеге алаңдаған депутаттар Үкіметке депутаттық сауал жолдады.

«Солтүстік Қазақстан облысында жаңа туғандарға қарағанда, қайтыс болғандар саны көп. Жыл басынан бері облыс тұрғындарының саны үш мыңнан астам адамға кеміген. 2018-2019 жылы және осы жылдың 9 айында СҚО облысына оңтүстік өңірлерден 5123 адам қоныс аударса, есесіне өңірден 10 мыңға жуық адам көшіп кеткен. Әсіресе, Қазақстанның Ресеймен шекаралас ауылдарында адам саны күрт кеміген. Тұрғындар санын толтыру проблемасы Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында да бар. Тіпті Солтүстік Қазақстан облысында 20 жылда 300 жуық мектеп жабылып, бастауыш және орта мектепте оқитындар 8 мыңға азайған. Мектеп ғимараттары аукционға қойылып сатылып жатыр», - деді Сенат депутаты Айгүл Қапбарова.

Осы тұста депутаттар азаматтарды түстіктен теріскейге көшіру кезінде ескерілмей жүрген мәселелерді атады. Айтуларынша, тұрғын үй мәселесі түпкілікті шешілмеген. 

«Солтүстік Қазақстан облысында тұрғын үй салу бойынша пилоттық жобаны іске асыруда оң нәтиже бар болғанымен, ол жеткіліксіз. Қоныс аударушылар үшін мемлекет беретін үйлердің көпшілігі қазіргі заманғы өмір сүру стандарттарына, санитарлық нормаларға сәйкес келмейді, кейбір үйлер, апатты жағдайда тұр. Берілген үйлердің бір бөлігі физикалық тұрғыдан тозған, бұл қалыпты, жайлы өмір сүруге мүмкіндік бермейді», - деді депутат. 

Сондай-ақ сенатор тұрақты жұмыс орнының болмауына да тоқталды. Депутат еңбекке қабілетті қоныс аударушылардың біраз бөлігі тұрақты жұмысқа орналаспағанын жеткізді. 

Үшінші мәселе - климатқа бейімделудегі қиындықтар. 

«Солтүстік пен оңтүстіктің климаттық жағдайындағы күрт айырмашылықтар қоныс аударушылардың бейімделу процесін қиындатады, бұл қоныс аударушылар үшін субсидиялар мен жеңілдіктерді есептеу кезінде ескерілуі қажет. Нәтижесінде кейбір қоныс аударғандар кері қайтып жатыр», - деді Қапбарова.

Сонымен қатар қоныс аударушылардың кәсіпкерлік қызметпен айналысуға қолдау көрсетудің кейбір тетіктерінің жеткіліксіздігі, олардың несие алу үшін кепіл мүлкінің болмауы мәселелері де кеңінен талқыланды.

Осы проблемаларға байланысты қоныс аудару бағдарламасын іске асырудағы жекелеген тетіктерді жетілдіру және оның тиімділігін арттыру үшін депутаттар арнайы мемлекеттік немесе өңірлік бағдарлама әзірлеуді, жергілікті атқарушы органдар деңгейінде арнайы бейімдеу орталығын құруды, қоныс аударушылар үшін тұрғын үй берудің нақты тетігін пысықтауды ұсынды.

Сенат депутаттық сауал

Хабарламаларға жазылу