Денсаулық сақтау министрі «Ашық Үкімет» порталына тойхананың қызметіне қатысты сұрақ қалдырған Алмас Қалиевке жауап берді.
Ақтөбеде тұратын Алмас Қалиев есімді азамат сегіз ай бойы жұмысына рұқсат алмаған банкет залдарының иелері әбден шығынға батқанын жазады.
«2020 жылдың 15 наурызынан бері карантин, кейін төтенше жағдай басталып, Қазақстанда көп кәсіпорынның жұмысы уақытша тоқтады. Карантин жеңілдеген сайын олардың көбі қайта ашыла бастады, соның ішінде, қоғамдық тамақтану орындары бар. Бірақ, неге екені белгісіз, дәл банкет жүргізетін мейрамханалардың жұмысы тоқтап тұр. Неге қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істейтін дәмханалар 50 адам қабылдап жұмыс істей алады, ал, біз той жасайтын мейрамханалар 50 адамды күте алмаймыз? Ақылға қонымсыз», - деп жазған Ақтөбе тұрғыны.
Бұл өтінішке жауап берген Алексей Цой болса, қандай жағдайда да мейрамханалардың жұмысына қатысты шешімді Денсаулық сақтау министрлігі емес, коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдайды дейді.
«Құрметті Алмас Қалиев! Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті өтінішіңізді қарап, келесіні хабарлайды: адам көп жиналатын шараларда (банкетте) көп адам бірнеше сағат бойы жабық ғимаратта отырады, шара кезінде қосымша көңіл-көтеру қызметі болады, ойын-сауық кезінде адамдар бір-бірімен байланысқа түседі. Ал, қоғамдық тамақтану орындары бір ғана қызмет көрсетеді, яғни, тамақ ұсынады. Банкет залдарының жұмысына салынған шектеу Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов төрағалық ететін Қазақстан Республикасының аумағында COVID-19 пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен ғана алынады», - деп жазған Ашық Үкімет порталындағы жеке парақшасында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.