Таулы Қарабақ тұрғындары үйлеріне оралып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таулы Қарабақ тұрғындары үйлеріне оралып жатыр

17.11.2020

Арменияда ереуілдер толастар емес. Оппозициялық партия өкілдері парламенттің күн тәртібінде жалғыз-ақ мәселе болуы тиіс, ол – Пашинянның отставкасы деп отыр. Ал Таулы Қарабақта жағдай оңала бастаған. Елді мекендерді қалпына келтіру жұмыстары басталып, қақтығыстан қашқан тұрғындар үйлеріне оралып жатыр. Толығырақ Жансая Қапасқызының материалында.  

Қарабақта қарбалас. Соғыстан бас сауғалаған жұрт үйлеріне қайтып жатыр. Бүгін Степанакертке 482 босқын келді. Бейбіт келісім жасалғалы 1200 адам атамекеніне оралды. Ал Армения Қарабақтан көшуге ниет білдіргендерді қаржылай қолдауға дайын. Әр адамға шамамен 140 АҚШ доллары бөлінбек. Мұндай көмек Қарабаққа оралған армяндарға да берілмек.

Павел, Степанакерт тұрғыны: 
-Таулы Қарабақ біздің үйіміз. Басқа қайда тұруымыз керек? Бұл – біздің жеріміз. 

Қарабақта қазір қалпына келтіру жұмыстары қызған. Әзірбайжан президенті жұбайымен бірге өңірді аралап, жағдайды өз көзімен көрді. Ол Таулы Қарабаққа ешқандай арнайы мәртебе берілмейтінін жеткізді. Ал Шуша қаласына қатынау үшін Физули-Шуша тас жолы салынады. Қалалардың құрылыс жұмыстарына жергілікті және шетелдік мамандар тартылмақ.  

Ильхам Әлиев, Әзірбайжан Президенті: 
-Қазір біз Джебраил қаласының орталығында тұрмыз. Мұнда қирамаған бірде-бір ғимарат қалмаған. Армения өртенген үйлер үшін де, кесілген ағаштар үшін де жауап береді. Біз бәрін қалпына келтіреміз. 

Қарабақтағы қауіпсіздікке жауапты Ресей бітімгерлері Лачинск дәлізін ашты. Бірнеше елді мекен арасындағы жолдарда көлік қатынасы жанданған. Өңірдегі тәртіп арнайы техниканың көмегімен жерден де, әуеден де бақылануда.  

Ал Ереванда наразылық акциялары толастар емес. Халық Никол Пашинянның отставкасын талап етуде. Бірақ ол қызметтен өз еркімен бас тартпайтынын жеткізді. Десе де бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктер жұмыстан босатылған. Олардың ішінде Сыртқы істер министрі және Әскери полиция командирі бар. Елде саяси тұрақсыздық өршіп барады. Бұған алаңдаған мемлекет басшысы Армен Саркисян үкіметті мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізуге шақырып отыр.

Жансая Қапасқызы 


Таулы Қарабақ Әзірбайжан

Хабарламаларға жазылу