Нұр-Сұлтанда онлайн режимде «New Music Generation 2020» II халықаралық композиторлар байқауы өтіп жатыр. Шара 21 қарашаға дейін жалғасады, деп хабарлайды Қазақ ұлттық өнер университетінен.
Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақ ұлттық өнер университетінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан шараның мақсаты - қазіргі заманғы академиялық музыканы оның барлық алуан түрлілігімен дәріптеу, жас композиторлардың шығармашылығына қолдау көрсету және насихаттау, қабілетті және талантты музыканттарды анықтау және ынталандыру, әлемдік қоғамдастық жүйесінде Қазақстанның мәдени имиджін одан әрі нығайту.
Байқаудың ерекшелігі - анонимділігі (барлық қатысушылар өз партитураларын фамилиясымен емес, жеке ұранымен-құпия сөзімен ұсынады), бұл жұмыстарды қарау кезінде әділдікті және объективтілікті қамтамасыз етеді. Қазылар алқасының дауыс беру қорытындысы шығарылғаннан кейін ғана лауреаттардың жеке деректері ашылады.
«Халықаралық байқауда «Симфониялық туынды», «Камералық шығарма», «Вокалдық шығарма» аталымдары бойынша 15 жасқа дейінгі, 15 жастан 25 жасқа дейінгі және 25 жастан 35 жасқа дейінгі үш топқа бөлінген үміткерлер бақ сынайды. Шараға әлемнің 22 елінен (Франция, Германия, Италия, Испания, Австрия, Бельгия, Чехия, Қытай, Аргентина, Чили, Филиппин, Румыния, Греция, Сербия, Жаңа Зеландия, Финляндия, Қазақстан, Ресей Федерациясы, Украина, Беларусь, Молдова, Литва) 160-тан астам партитура, 98 конкурсант қатысып жатыр», - дейді ұйымдастырушылар.