Өткен аптамен салыстырғанда вирус жұқтырғандар саны 1,7 есе өсті. Әсіресе Шығыста ауру бәсеңдемей тұр. Бірақ бұл екінші толқын басталды деген сөз емес дейді мамандар. Өйткені, еліміздің басым бөлігінде жағдай тұрақты.
Ауру жұқтырғандардың 45 пайызы Шығыс Қазақстанда тіркелді. Науқастар Қостанайда 4 есе, Батыс Қазақстан облысында 3,2 есе, Павлодарда 2,7 есе өскен. Осыған байланысты өңірлердегі қарантиндік режим қатаң бақылауға алынды. Қауіпті аймақтар қатарына ШҚО, Павлодар, Батыс Қазақстан облысы, Қостанай өңірлері ал сары аймаққа Ақмола облысы және елорда қосылды. Қалған аймақтарда жағдай тұрақты.
Оқу басталғалы 825 оқушыдан коронавирус анықталған. Оның 261-кезекші сыныптарда тіркелді. Соңғы бір аптада 9 өңірде 62 бала ауру жұқтырған. Ең көбі тағы да Шығыс Қазақстанда. 6-шы қазаннан бері, шекарадан өткен 364 жолаушыдан, әуе көлігі арқылы келген 48 адамнан коронавирус анықталды.
Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:-2021 жылдың 1-ші мамырына дейін 57 елдің азаматтары үшін визасыз режим тоқтатылды. 2021 1-ші қаңтарға дейін Қытай мен Үндістан транзиттік режиммен келетін адамдар 72 сағат визасыз жүру шектелді.
Жағдай күннен-күнге күрделенгенімен көпшілік санитарлық талаптарды елемейді. Әсіресе, маска тағу, арақашықтық сақталмайды. Егер бұл талаптар ескерілсе елде екінші толқын болмауы да мүмкін дейді мамандар.
Баян Тұрдалина, «Астана медициналық университеті КЕАҚ» балалар жұқпалы аурулары кафедрасының доценті:-Қауіп тобына жататындар кешенді терапия алу керек. Созылмалы ауру болса, егер базистік терапия алса коронавирусты жеңіл өткізесіз.
Отандық вакцинаның үшінші кезеңі келер жылы қаңтарда сыналады. Осыдан кейін ғана екпені қолдану жөнінде шешім шығарылмақ. Оған дейін шетелдік вакцина сынамалары сәтті аяқталса, сатып алу мүмкіндігі қарастырылады.
Раушан Сайлауқызы