Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен телефон арқылы сөйлесті. Тараптар Мәуліт мерекесіне орай құттықтаулармен алмасып, екі ел ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен оны дамытудың нақты жолдары бойынша пікірлесті. Қазіргі коронавирус пандемиясы халықаралық қауымдастық мүшелері арасындағы қарым-қатынастарды айтарлықтай шектеп отырғанына қарамастан, Қазақстан мен Қатардың ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті.
Қазақстан Президенті Қатар Әміріне COVID-19 індетіне қарсы күресте елімізге қажетті құрал-жабдықтар түрінде көрсетілген гуманитарлық көмек үшін алғысын білдіріп, бұл қадамды шынайы достықтың көрінісі деп бағалайтынын айтты. Әрі күрделі жағдайға қарамастан сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды әрі қарай өрістетудің маңыздылығы қуатталды.
Осы ретте, Мемлекет басшылары былтыр қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, екі ел арасындағы банк, қаржы, көлік, логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм салалары мен басқа да бағыттар бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асыруға қатысты іс-қимылдарды кеңейту жолдарын талқылап, ресми және бизнес делегациялармен алмасуға қолдау көрсетуге келісті. Сұхбатты қорытындылай келе, шейх Тамим бен Хамад Әл Тани Қасым-Жомарт Тоқаевтың келесі жылы Қазақстанға сапармен келу жөніндегі шақыруын қабыл алды.