Көрші мемлекеттің Президенттері Елбасыға қимастық ниет білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көрші мемлекеттің Президенттері Елбасыға қимастық ниет білдірді

20.03.2019

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жасаған үндеуіне, саяси шешіміне көрші мемлекеттің Президенттері қимастық ниет білдірді. Алдымен Нұрсұлтан Назарбаевқа Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин телефон соқты. Олар алдағы уақытта тұрақты байланыстарын жалғастыра беруге уағдаласты.

Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен де телефон арқылы сөйлесті. Көрші мемлекеттің Президенті Елбасының өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауына орай зор қимастық ниетін білдірді. Шавкат Мирзиёев Нұрсұлтан Назарбаевты «осындай маңызды шешім қабылдай білетін ұлы саясаткер әрі Президент» деп атады.

Оған қоса, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен екі ел халықтары арасындағы бауырластық қарым-қатынастарды нығайтуға зор үлес қосқанын атап өтті. Екі ел көшбасшылары алдағы уақытта  тұрақты байланыстарын жалғастыра беруге уағдаласты.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен де телефон арқылы сөйлесті. Александр Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевпен көп жылғы достығын және Қазақстан мен Беларусь арасында орнаған тату қарым-қатынастарды жоғары бағалайтынын атап өтті.

Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауына орай қимастық ниетін білдірді.  Армения Премьер-Министрі Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел арасындағы өзара табысты ықпалдастықты дамытуға елеулі үлес қосқанын білдірді. 

Хабарламаларға жазылу