Түркияның Измир қаласында өткен аптада болған жер сілкінісінен қайтыс болғандар саны 114-ке жетті. Апаттан мыңнан аса адам жарақат алып, барлығы екі мыңға жуық ғимаратқа зақым келген. Қазір қираған үйлердің басым бөлігінде үйінділер аршылып болды. Енді мамандар қай ғимаратты бұзып, қайсысын жөндеу керектігін сараптамадан өткізіп жатыр. Зілзала болған аймаққа арнайы барған Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлының материалында толығырақ.
Айдос Әшімұлы, тілші:-Дәл қазір мен тұрған Измир қаласының орталығындағы мына үйдің қирандылары астынан кеше жер сілкінісінен 91 сағат өткен соң 3 жасар Айда есімді бүлдіршін тірі құтқарылды. Жалпы осы үйден Измирдегі жер сілкінісінде ең көп қайтыс болған адамның денесі шығарылған еді. Қазір бұл үйде құтқару жұмыстары аяқталған, тағы екі үйде құтқару жұмыстары жүріп жатыр.
Қирандыларды аршу жұмыстары күндіз-түні тоқтамайды. Дегенмен алғашқы күндердегідей емес, қалада абыр-сабыр басылып, баспанасыз қалған 15 мың адам уақытша шатырлар мен қонақ үйлерге орналастырылған.
Шүкру Жан, Түркия Қызыл ай ұйымы бақылау кеңесінің мүшесі:-Түрік Қызыл ай ұйымы Измирде қазір 60 мың адамға ыстық тамақ пен азық-түлік беріп отыр. Бұдан бөлек саябақтарда шатырлар тігіп, қала тұрғындарына түрлі бағыттағы көмектер жасап отырмыз. Енді шамамен бір ай осында боламыз.
Отандасымыз Әсем Измирдегі Эге университетінің бірінші курсында оқиды. Жер сілкінгенде жатақаханада сабақ оқып отырғанмын деп еске алады. Абырой болғанда біздің студенттер тұратын ауданда ғимараттар бүтін, жарақат алған адам жоқ. Апат болысымен Қазақстанның елшілігі бірден хабарласып, студенттерді ескерусіз қалдырмаған.
Қазір Измирде сабақ уақытша тоқтатылған. Оқу орнының басшылығы жастардың қауіпсіздігіне мән беріп, көмек көрсетіп отыр.
Мехмет Ерсан, Эге университетінің проректоры:-Қазақстаннан келген студенттер бізге бөтен емес. Өзіміздің бауырларымыз. Біз оларға тек мұғалімдері емес, ата-аналарындай болып кеттік. Тек осындай апат кезінде емес, әрдайым қолымыздан келген көмекті аямаймыз. Өз атымнан және университет атынан осындай қиын күнде бізбен бірге болған қазақ халқына алғысымды білдіремін.
Түркия үкіметі үйі қираған азаматтарға әзірге бір жыл баспана жалдап тұру үшін қаржы, ал келер жылы жаңа пәтер бермек. Ал 30 жылда бірінші рет болған бұндай қуатты зілзаладан соң, қала билігі құрылыс сапасына қатысты талапты күшейтіп, құлаған үйлерді салған құрылыс компанияларының үстінен іс қозғады.
Айдос Әшімұлы