Алматыда дәрі бағасын негізсіз қымбаттатқан дәріханаларға 28 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Қалалық тауарлар мен қызметтер сапасын бақылау мамандары шілде мен қыркүйек аралығында дәріханаларға тексеру жүргізген. Бұған тұрғындардың қажетті дәрінің жоқтығы мен бағаның аспандап кеткеніне наразы болуы себеп.
Әсіресе, тұрғындарды алаңдатқаны - бағаның тұрақсыздығы. Әлеуметтік дәріханаларға барса ұзын-сонар кезек, оның өзінде ең қажетті дәрі-дәрмекті таппай сандалады. Ал қала билігі қоймаларда медициналық препараттар жеткілікті деп отыр.
Талғат Қатабаев, дәрі-дәрмек сақтайтын қойма қызметкері:-Осында 110 мыңнан астам термометр, 2 млн-дай бір рет құйылатын система, 22 млн 5 мл шприц сақталынуда.
Алматыдағы дәрі бағасы мен жеткілікті қорды ұстап тұру үшін арнайы тұрақтандыру қоры құрылған. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 10 миллиарад теңге бөлінген.
Заңғар Сәлімбаев, қаланы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша үйлестіруші:-Оның 5 млрд теңгесі дәріханаларға дәрі-дәрмектерді қамтамасыз ету бойынша арналған болатын. Және 5 млрд теңгесі емханаларға дәрі-дәрмектерді қамтамасыз етуге бөлінген.
Қалада қажетті дәрі-дәрмектердің негізсіз қымбаттауына жол бермеу үшін бақылау күшейді. Мәселен, соңғы төрт айдың ішінде 156 дәріхана басшысы жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалады.
Мұрат Мұхамедияров, қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:-Ешбір рұқсат қағазы жоқ фармацевтикалық қызметпен айналысқан 14 кәсіпкерге 300 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Жиі тексеріс жүргізгеннің арқасында қазір жағдай тұрақталды.
Қуан Нұрақын, тілші:-Құқық қорғау органдары жиі тексеріс жүргізгеннің арқасында қазан айында дәрі-дәрмектің бағасын көтеруге қатысты тұрғындардан бір ғана өтініш түскен. Осы бағытта жұмыстар әлі де жалғаса береді. Ал, бағаны негізсіз көтерген дәріхана басшыларының әрекеті қайталанатын болса, іс сотқа жолданып, алты айға дейін лизенциясынан айырылуы мүмкін.
Қуан Нұрақын