Алматыдағы Алатау ауданында жаңа нысандар салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы Алатау ауданында жаңа нысандар салынып жатыр

22.10.2020

Алматыны дамыту стратегиясы аясында «Шетсіз қала» қағидасына көңіл бөлінген. Барлық ауданда халықтың сапалы өмір сүруіне жағдай жасалуда. Мәселен, Алатау ауданында тұрғындар көтерген жобалар жүзеге асырылып, қоғамға қажет нысандар бой көтеріп жатыр. Бүгін аудан әкімінің қатысуымен аймақтағы жаңа жобалардың жұмысы таныстырылды.  

Ауданда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында «Ашық әкімдік» фронт-офисі ашылған. Мұнда абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және әлеуметтік сала бойынша қызмет көрсетіледі. Аудан әкімдігінің құзыретіне кірмейтін жер қатынастары, сәулет және өзге қалалық басқармаларға қатысты сұрақтар қабылданады.  

Азамат Қалдыбеков, Алатау ауданының әкімі: 
-Күнделікті 9-дан кешкі сағат 6-ға дейін адамдарды қабылдайды. Әкім де аптасына бір рет қабылдау өткізеді. 

Ауданда тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсететін қорлардың да жұмысы жанданған. Мәселен, «Алатау аналары» орталығында бүгінге дейін 2 жарым мыңнан астам адам тігін, қолөнер, шаштараз курстарында, вокал, би және өзге де үйірмелерде тегін оқыған. 

Марта Құрманәлі, «Алатау аналары» қорының жетекшісі: 
-Аналардың өзінің икеміне қарай кәсібін бастап кетіп жатыр.  

Қазір ескі ғимараттар жөнделіп, пайдаға асып жатыр. Солардың бірі – «Домбыра орталығы». Мұнда демеушілердің көмегімен қажет-жарақ сатып алынып, аумағы толық абаттандырылған. Қазір мұнда 100-ден астам бала домбыраны тегін үйренеді.

Биыл аудандағы скверлер жөнделіп, ойын алаңдары салынған. Сондай-ақ, спорттық нысандар да көбейіп келеді. Қазір мұнда балалар спорттың 6 түрімен тегін айналысады.

Ардақ Назаров, аралас жекпе-жектен үш дүркін әлем чемпионы: 
-Бәрі әлем чемпионы болмай-ақ қойсын, бірақ ертең балалар бапкерінен жақсы тәлім тәрбие естіп, жақсы азамат болып жатса бұл біздің жеңісіміз.  

Ауданның «Шаңырақ-2» шағын ауданында орналасқан артезиан бұлағы қалпына келтірілген. Бұған дейін мұнда тек бір құбырдан аққан суға жүздеген адам кезекке тұратын. Қазір аймақ толық абаттандырылып, артезиан суына 5 құбыр түтігі орнатылды.

Нұрхан Нұрланұлы 


Алматы Алатау ауданы

Хабарламаларға жазылу