Әлемде, әсіресе, Еуропа мен Солтүстік Америкада коронавирус жұқтыру оқиғалары көктемдегіден 3 есе көп тіркеліп жатыр. Бұл турасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус хабарлады. Қыс мезгілі жақындаған сайын жағдай бұдан да ушығуы мүмкін дейді ол. Сонымен қатар Гебрейесус COVID-19-ға қарсы вакцинаны елдер арасында тең бөлу келісіміне 184 мемлекет қосылғанын мәлімдеді.
Эпидемия Латын Америкасында да бәсеңдер емес. Аргентинада коронавирус жұқтырғандар саны миллионнан асып, әлем бойынша бесінші орынға шықты. Мұнда жұқпалы дертке тәулігіне 13 мыңдай адам шалдығады. 26 мыңнан астам науқас қайтыс болды.
Ирландия болса, Еуропа елдері арасында алғашқы болып қатаң локдаун жариялады. Елде оқшаулау режимі қайта енгізіліп, жұмыс орындары жабылып, қоғамдық көлік қызметі шектелді. Сонымен қатар тұрғындарға үйден 5 шақырымнан артық ұзауға тыйым салынып отыр.
Жансая Қапасқызы