Азаматтар карантиндік шектеулерге қарамастан той жасауды тоқтатар емес. Түркістанда рейдке шыққан мобильді топ 52 кәсіпкерлік нысанды аралап, ережені ескермегендерге бір күнде 162 миллион теңге айыппұл салған. Ал осыған дейін аймақта 278 отбасылық, мерекелік іс-шаралар анықталып, той ортасынан тоқтатылған. Бір қызығы, тығылып той жасаушылар мобильді топ мүшелері келген кезде де қарсылық танытады. Алайда құзырлы орган өкілдері оларға тиісті шара қолданып, тойхана иелеріне әкімшілік хаттамалар толтырып жатыр.
Бағдат Тұрмахамбетов, Түркістан қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау басқармасының бас маманы:Облысымызда карантиндік шектеу шаралары эпидемиологиялық ахуал тұрақталғанға дейін ұзартылған. Қаламызда тойханалар мен мейрамханалар көрсетілген шараларға қарамастан қазір жиын өткізуде.
Елордада да карантин режимін бұзатындар азаяр емес. Мәселен, полицейлер бір тәулікте 195 нысанды тексеріп, 65 демалыс орнына айыппұл салды. Алайда ескертуді елемейтіндер көп. Мысалы, екі айда 4 мәрте айыппұл төлесе де, әлі жұмыс істеп жатқан түнгі клубтар бар.
Амангелді Сейітхан