Қызылорда облысы, Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы егістік басында оқ атып, жаға-жыртысқан текетірес елді алаңдатқан. Жерге таласқан инвестор мен ауыл кәсіпкері арасындағы келіспеушіліктен аядай елді мекеннің берекесі қашты. Ал даудың басы 105 гектар күріштік алқаптан басталған. Ауыл маңындағы 900 гектардан астам жерді сатып алған «Асқар Тоқмағамбетов жер» деген жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің аумағына «Азамат» деген шаруа қожалығы көктемде күріш еккен. Бірақ күзгі орымға жеткен кезде инвестор сөзінен тайып, ала жаздай алқапта тер төккен шаруаларды егістікке кіргізбей қойған.
Тіпті, күзет агенттігін жалдап, аумақты қарулы жасақ күзеткен. Алайда ашуға булыққан ауыл тұрғындары егістік басында күзетшілермен қақтығысып, ақыр соңы жанжалға ұласты. Жер дауындағы текетіреске қатысты екі қылмыстық іс қозғалып, жағдай одан сайын ушыққан еді. Осы оқиғадан соң, Тоқмағамбетов ауылындағы араздықты басуға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова араласып, нәтижесінде қос тарап ымыраға келді.