Мектеп оқулықтары өзгереді
Мектеп оқулықтары өзгереді. Келесі оқу жылында кейбір сынып жаңа мазмұндағы кітаппен оқиды. Оқу-құралдары қоғам талқысынан өтті. Министрлік өкілдері мәтіндер мен тапсырмалар толық өзгергенін айтады. Мәселен, кітаптың құрылымы, мазмұны мен жас ерекшелігі ескерілген. Бірақ кейбір ұстаздар мен ата-аналар жаңашылдыққа көңілі толмайтынын айтып отыр.
Оқулықтардың жобасы Білім мазмұнын сараптау орталығының сайтына жарияланды. Талқылауға екі жарым мың адам қатысқан. Белсенділердің пікірі саналуан.
Гүлмира:
Қазақ тілі оқулығында тақырыпқа сай ереже берілмеген. Оқушы ол ақпаратты қайдан алуы керек? Оқулық жазатындар неге осыны ескермейді? Тапсырмалар жиынтығы сияқты.
Дина:
Заманауи, жоғары сапалы оқулық екен. Тапсырмалары, суреттері де әдемі, барлығы жүйелі. Ең бастысы, мұғалімге ыңғайлы.
Ақсәуле:
Тапсырма саны көп. Оқушылар түсініп, жаттығуыларды орындауға ұзақ уақыт жұмсайды, үлгермейді.
Дина Махамбетова:
Оқулық өте күрделі. 2 сыныпта оқитын қызыма үйретіп отырып, шынымды айтсам, өзімнің миым ашып кетті. Бізде теория көп, тілі күрделі. Сол себепті баланың математикаға қызығушылығы төмендеп кету қаупі жоғары.
Әсіресе қазақ тілі мен математика пәніне қатысты сын көп. Оқулықтар талапқа сай болғанымен, өзгерістерді қажет етеді. Мәселен, қазақ тілі кітабында тақырыпқа қатысты ережелер ретсіз берілген дейді Мейрамгүл Нүсіпбек.
Мейрамгүл Нүсіпбек, «Qazbilim» ұлттық лицейі директорының орынбасары:
Оқулық оқушы үшін жазылуы керек, мұғалім үшін емес. Оқулықты қолына алып ұстап жүрген оқушыға ол нәрсенің бәрі түсінікті болуы керек. Ең қинағаны – бұл жерде ережелердің қиындығы. Бір оқырман айтыпты, ережеден бұрын тапсырма берілген. Ережеде оқушы, мысалы, буынның түрлерін білмейді. Буын үндестігі мен сингармонизмге қатысты ережелер берілген екен. Расында да анықтама күрделі. Аударма калька секілді берілген.
Ал орталық өкілі барлық ескерту сараптама кезінде ескерілетінін жеткізді. Қазір қорытынды әзірдену үстінде. Айтуынша, қателікке жол берілмейді. Өйткені авторлар мен баспалар үшін талап күшейтілген.
Мәншүк Мұқамедқали, Оқу-ағарту министрлігі Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы директорының орынбасары:
Қандай да бір полиграфиялық ақау болған жағдайда немесе сараптамаға ұсынылған материал бекітілгеннен кейін жаппай басып шығару кезінде материалдың өзгеруіне байланысты жағдайлар анықталып жатса, онда оны толықтай баспа өз жауапкершігіне алады. Яғни, сол шығып кеткен тиражды баспа өз есебінен қайтадан шығарып, білім беру ұйымдарына ұсынуы қажет.
Жаңа оқулықтардың басты жаңалығы – жасанды интеллект элементтері мен QR кодтар енгізілгені.
Әйгерім Мусина, бастауыш сынып мұғалімі:
Осы оқулық бойынша кейбір тапсырмаларды жасанды интеллектінің көмегімен орындаймыз. Ол топтық тапсырмада, кластер құрағанда оқушыларға септігін тигізеді. Уақытта үнемдеп қана қоймай, оқушылардың мол мағлұмат алуына мүмкіндік береді. Кітапта QR код арқылы берілген аудиоматериалдар да бар. Балаларға да ұнап жатыр. Тақырыптар кеңінен берілген.
Оқулықтар еліміздің 8 өңірдегі 34 мектепте апробациядан өтті. Пилоттық жоба бірінші тоқсанда аяқталды. Енді анықталған кем-кетіктер түзетіледі. Қоғам пікірі мен сарапшылар бағасы ескерілген соң ғана жаңа оқулықтар мектептерге таратылады. Министрлік биылдан бастап бұл үдерісті ашық және жауапкершілікпен жүргізуге уәде беріп отыр. Өйткені қазір қолданыстағы оқулықтар да кезінде сынның астында қалған еді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы