COVID-19 коронавирусы мен соған ұқсас пневмония бойынша соңғы ақпар: COVID-19 вирусы ПТР тесті бойынша өткен тәулікте 94 адамнан анықталды, ресми дерек бойынша наурыздан бері жалпы саны 108757. Сондай-ақ, өткен тәулікте 70 адам емделіп шыққан, жалпы жазылып шыққандар 103 980, қайтыс болғандар 1746. Өткен тәулікте 3 адам көз жұмған. Қазір 82 адамның жағдайы ауыр, 13 науқастың жағдайы өте ауыр.
Ал коронавирустық белгісі бар пневмония бойынша өткен тәулікте 258 ауру тіркелген, 2 адам қайтыс болды, 58 адам емделіп шыққан. Тамыздан бері хатталатынын білеміз, тиісінше, сол уақыттан бері тіркелгендер саны 34 875, қайтыс болғандар 367.
Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев атындағы ауданның бас мемлекеттік санитар дәрігері Булаев қаласын қатаң карантинге жапты. Қаулы тоғызыншы қазан күні түнгі сағат 00:00-ден бастап күшіне енді. Бұл облыста тағы бір аудан – Есіл ауданының орталығы –Явленкада шектеу шаралары енгізілді.
Иә, COVID-19 коронавирусы мен соған ұқсас пневмония жұқтыру фактісі көбейіп барады. Дүниежүзі бойынша солай. Ресейде өткен тәулікте 13 мыңнан аса науқас тіркелді. Елімізде кешелі бері рейдтер көбейді, себебі карантиндік шаралар сақталмай жатыр. Адам көп баратын жерлерле тәртіп босаңсып кеткен. Мысалы,Түркістан қаласында мобильдік топтар дүкендер мен көпшілік тамақтанатын орындарды аралағанда сатушылар да, сатып алушылар да бетперде тақпайтынын, кіре берістерінде антисептикалық сұйықтықтар қойылмайтынын анықтады. Дәмханалар мен мейрамханаларда да солай. Келушілерді отырғызуда арақашықтық сақтамайды, бәрі дерлік – даяшы, әкімші, мейрамхана қонағы, бетпердесіз жүреді. Айта кетейік, бұған дейін өңірде 217 адам отбасылық той-жиын өткізгені үшін жауапкершілікке тартылған. 64-і «Беташар» , 36-ы «Қыз ұзату». Шымкентте де солай - той думан тыйылмай тұр. Кешелі бері өткізілген рейдтік тексеріс кезінде мобильдік топ мүшелері қыз ұзату мен құдалық тойының үстінен түсті. Шаһардың қақ ортасындағы «Теріскей» мейрамханасында 100-ден астам адам иық тіресе дастарханға жайғасып, арқа-жарқа тойлап жатқан.
Ал даяшылар мен аспаздар маска тағу, қолғап кию секілді қарапайым талаптардың өзін ескермеген. «Мерей» тойханасындағы құдалық дастарханы Қарағанды облысынан келген құдалар үшін жайылыпты. Санитар мамандар той иелері мен мейрамхана қожайындарына қатысты әкімшілік іс қозғалатынын айтып, ескерту қағаз толтырды.
Нұр-Сұлтанда мобильдік топ ат басын бұрған сауда орындарының бірі – «Шарын» базары. Шаһардың бас дәрігерінің қаулысына сәйкес, мұндай жабық базарлар демалыс күндері жұмыс істемеуі тиіс. Алайда базарда сауда қызып тұр. Енді басшылары ішкі істер органдарына түсініктеме беруі тиіс. Айта кету керек, талапқа бағынбаған шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлерге 30 айлық есептік көрсеткіштен 310 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған.Сақтық шараларын сақтамағаннан вирустың таралуы тағы әл бермей кететін болса, жаздағы жағдай қайталанбасын, бірақ жағдай асқынса, біздің ешнәрседен сабақ алмайтынымыз ғой...