Дәрігер қызмет кезінде ЖИТ синдромын да, гепатит те жұқтыруы мүмкін – Цой - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дәрігер қызмет кезінде ЖИТ синдромын да, гепатит те жұқтыруы мүмкін – Цой

01.10.2020
Дәрігер қызмет кезінде ЖИТ синдромын да,  гепатит те жұқтыруы мүмкін – Цой

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осы сөзі арқылы пандемия кезінде неге көп дәрігер вирус жұқтырды деген сұраққа жауап ұсынды. Яғни, Цойдың пайымынша, Гиппократқа Ант берген дәрігер адамның өмірін құтқарушы үшін бәріне дайын екенін растайды. Айта кетейік, 30 қыркүйектегі жағдайға сәйкес, Қазақстанда 13 мыңға жуық дәрігер коронавирус инфекциясын және инфекциядан болатын пневмониямен ауырған. 

«Бізде көп медицина қызметкері коронавируспен ауырды. Оған әртүрлі факторлар әсер етті. Бұл жағдайды болдырмау үшін біз не істеп жатырмыз? Біріншіден, медициналық орталықтар өзінің жұмысын дұрыс ұйымдастыру керек. Бұдан өзге, медицина қызметкерлеріне биоқауіпсіздік ережелерін үйретіп жатырмыз», - дейді Алексей Цой. 

Дәрігерлерді қолдау үшін Мемлекет басшысы вирус жұқтырған медқызметкерлерге өтемақы төлеу ережесін жыл соңына дейін созуды тапсырған болатын. Бүгінгі брифингте белгілі болғандай, Қазақстанда 12 830 медицина қызметкері коронавирус және пневмониямен ауырып шыққан. Олардың ішінде 8 339 дәрігер жұмыс кезінде вирус жұқтырды деген қорытынды бар. Қызмет кезінде ауырғаны үшін 3 454 адамға өтемақы төленген. Ал, пандемия басталғаннан бері 182 дәрігер қаза тапқан. Алексей Цой «неге дәрігерлер көп ауырып, медқызметкерлер арасында өлім-жітім жоғары болды» деген сұраққа келесі жауабын ұсынды. 

«Дәрігерлер қызмет кезінде ауырған адаммен байланыста болды ма, жоқ па, соны анықтау керек. Мысалы, операцияға түскен науқаста гепатит не ЖИТС (қан арқылы жұғатын — авт) сырқаты болуы мүмкін. Ол да тәуекел. Сондықтан барлық дәрігерлер Ант қабылдаған кезде, өмірді сақтап қалу үшін бәріне дайын. Біздің мамандықта тәуекел әрқашан бар»,- деді министр.


Дәрігер ЖИТС Цой денсаулық сақтау саласы брифинг Гиппократ ант

Хабарламаларға жазылу