Бельгияда індет қайта өршіді. Елде коронавирусты жұқтырушылар мен ауруханаға түсушілердің саны күн сайын артып келеді. «Эпидемиологиялық ахуал осылай күрделене берсе, екінші толқынға төтеп беру қиынға соғады», - дейді дәрігерлер.
Нұрсұлу Қасым, тілші:Бүгін бір тәулікте вирусты 1700-ден астам адам жұқтырып, оның 84-і ауруханаға түскен. Реанимация, интенсивті терапия бөлімшелерінің күз басталмай жатып толуына дәрігерлер алаңдаулы. Індеттің таралуына тосқауыл қою үшін бір ғана Брюссельдің өзінде қазір күніне 40 мыңнан астам тест жасалуда. Себебі індет жұқтыру бойынша ел астанасы алғашқы орында тұр. «Халық кафе-барларда жұқтыруы мүмкін» деген күдікпен ол мекемелердің түнгі сағат 23:00-ден кейін жұмыс істеуіне тиым салынды. Дегенмен бүгіннен бастап көшеде медициналық бетперде кию міндетті емес. Масканы тек қоғамдық орындарда, жабық ғимараттарда, сосын адамдар көп жүретін, жерлерде ғана кию қажет.
Дэвид Буйон, терапевт, жедел-жәрдем қызметінің жетекшісі:Індет басталған алғашқы 4-5 айда ауруханаларда медициналық бетперде жетпей, көп әріптестеріміз жұқтырып, 8 мыңдай қариядан айырылдық. Масканы бос көшеде, велосипед тепкенде киюдің қажеті жоқ. Одан да әлеуметтік арақашықтықты сақтау керек. Өйткені тұмаумен бірге ковид күшейетін болса, онда бұл толқынның зардабы тым ауыр болады.
Нұрсұлу Қасым, тілші:Бельгияның енді пандемиямен күреске бағытталған арнайы жоспары мен COVID комиссары болады. Бүгін жаңадан тағайындалған елдің премьер-министрі Александр Де Кроо осыны уәде етті. 500 күн тұрақты үкіметсіз отырған бельгиялықтар осы жаңа премьер-министрден көп үміт күтеді. Елдің денсаулық сақтау министрі де өзгерді. Сондықтан жаңа үкімет сақтық шараларын жақын күндері қайта күшейтуі мүмкін. Өйткені, елде коронавирусты 119 мыңға жуық адам жұқтырып, індеттен 10 мыңнан астам көз жұмды.