Жамбыл облысында бірнеше ауылды құм басып барады. Қазір облыстың алты ауданына қарасты ауылдарға көшпелі құм жылжып келеді. Мәселең Талас ауданына қарасты Үшарал елді мекеніндегі бірнеше үйдің қора жайын топырақ басып қалған. Ондағы тұрғындар сырғыма құмды сыпырып тұрмаса үй-жайымыз астында қалады дейді. Ал, күре жол мен ауылдағы мектепті құм басудан тоқтатып тұрған қоршау ескіріп, құлауға айналған.
Күн сайын үйіліп қалатын құмды сыртқа шағырып отырмаса үй жайды білдірмей басып қалуы мүмкін дейді Үшарал ауылының тұрғыны Ғалымжан Өтеулиев. Қазірдің өзінде құм жоталары қора қопсыны басып, ауылға қарай жылжып барады. Тіпті жұртты тастап көшіп кеткен үйлердің орында қора жайлардың жұрнағы да қалмаған.
Ғалымжан Өтеулиев, Үшарал ауылының тұрғыны:
- Биіктігі 3-4 метр болды. Елдер келіп трактормен алып кетеді, осылайша тазалап жатқан жағдайымыз бар.
Сәбит Әлдебай, тілші:
- Әр сәт сайын сырғып, жылдар бойы жылжып келе жатқан сусыма құм ауылдың іргесіне дейін жеткен. Тау болып үйілген құм жоталары мына автожолды жабуға айналған. Алайда ауыл тұрғындары амалын тауып осындай жасанды қоршаулар жасап көшпелі құмды тоқтатып отыр.
Әйтсе де бұл қоршаулар уақытша амал ғана. Көшпелі құм алты жыл бұрын жасалған қоршауды бұзып өтіп барады. Содан бері құмды тоқтату шаралары қолға алынбаған. Сырғыма құмның ауылды басып қалу қаупі Байзақ ауданына қарасты Аққұм ауылына да бар. Орманшылар мұны құмды ауылдарды айналдыра жасыл белбеу егілмейтіндігімен түсіндіреді.
Сымбат Бейсенов, орманшы:
- Құмның көшетін жері осы ауылдың маңайы себебі алдында ешқандай пана, төбелер жоқ, неғұрлым ауылдың жиегіне егу керек.
Құмды аймақ Жамбыл облысының 5 миллион шаршы шақырым жерін алып жатыр. Енді ауылдарды айнала жасыл желек егілмесе, жақын жылдары бірнеше елді мекен құм астында қалуы ғажап емес.
Сәбит Әлдебай