Ақтөбе облысында 34 ауылды су басу қаупі бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында 34 ауылды су басу қаупі бар

02.02.2023

Ақтөбе облысында 34 елдімекенді су басу қаупі бар. Биыл жауын-шашынның мөлшері де жылдағыдан көп. Сондықтан сақтық шаралары қазірден бастап қолға алынып жатыр. Әсіресе былтыр қарғын судың ортасында қалған Ойыл, Қобда аудандары ерекше бақылауда. Облыс орталығына да қауіп бар.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл қаланың ортасымен өтетін шағын ғана өзен. Шағын да болса, қаупі үлкен. Өйткені өткен көктемде су арнасынан асып, айналадағы тұрғындарға қауіп төндірген болатын. Тіпті онға жуық баспана суға кетті. Одан кейін өзен арнасы бекітілгенімен, тұрғындар қауіп сейілген жоқ деп отыр.

Мамандардың болжамынша, тек қала маңында су басуы мүмкін 12 елдімекен бар. Солардың бірі – осы Заречный ауылы. Былтыр Баян Қашкенованың да ауласы суға толған. Ол биыл да сол жағдай қайталануы мүмкін деп алаңдайды.

Баян Қашкенова, Заречный ауылының тұрғыны:

Бізде суға кету қаупі бар. Былтыр кетті. Мына көршімнің үйі, ағаның үйі кетті, мына көршілеріме жетіп тұрды су. Енді бірдеме істеу керек қой. Ертең мынадан өтіп кетеді деп ойлаймын. Мен басқа ештеңе айтпаймын, осыны дұрыстап берсін.

Ал мына көрініс Ойыл ауданының Амангелді ауылы маңында жақында ғана түсірілген. Қар аралас жаңбыр жұртты біраз әуреге салды. Ал көктемде жағдай тіпті қиын болуы мүмкін. Сондықтан бұл аумақта өзен арналарын бекіту, бөгеттерді қымтау жұмысы ерте басталды. Ол үшін аудандық бюджетен 16 миллион теңге бөлінді.

Әсет Кереев, Ойыл аудандық төтенше жағдайлар қызметінің бас инспекторы:

Қаратал елдімекеніне уақытша бөгет тұрғызылды. Батыстан келетін су, Ойыл өзеніне су келетін жақ бетінен 500 метр қашықтықта, биіктігі бір жарым метрлік уақытша бөгет тұрғызылды. Су тасқынының алдын алу бойынша қапшықтар, басқа да құралдар алынып қойылды.

Былтыр қыста Ақтөбе облысында 102 миллиметр қар түскен. Ал биыл тек ақпан айына дейінгі мөлшері 136 миллиметр. Яғни алда тағы қалың қар жауар болса, қауіп арта түседі. Сондықтан техникалар түгенделіп, өзендер мен арықтар тазаланып жатыр.

Әлішер Сарбаев, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы:

 Азаматтық қорғау күш құралдары тобы құрылды. Ол 1500 адам, 400 техника, 50-ден астам қайық және 190 мотопомпа. Бұл күш құралдары күннен күнге арта түседі.

Қазір өңірдегі өзендердің бастауындағы қар қалыңдығы 30 сантиметрге жуық. Жердің тоңы 1 метрден асады. Сондықтан қазір әуеден бақылау жүргізіліп, су тасуы мүмкін аумақтар анықталып жатыр.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу