Ақтөбе облысында 81 тұрғын КСРО паспортымен жүрген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында 81 тұрғын КСРО паспортымен жүрген

15.09.2020

Ақтөбе облысында 81 тұрғын әлі күнге 1974 жылғы үлгідегі КСРО қызыл паспортымен жүрген. Тек Мәртөк ауданының өзінде құжатсыз және туу туралы куәліксіз тұратын 18 азамат анықталды. Олардың ешқайсысы осы уақытқа дейін заңды түрде жұмыс істемеген, зейнетақы алмаған. Қазір жауапты мекемелер оларға құқықтық көмек көрсетіп жатыр. 

Әлі күнге дейін қызыл паспортпен жүргендердің бірі - Владимир Горбунов. 57 жастағы Мәртөк ауылының тумасы ешқашан ресми жұмыс істеп көрмеген. Тоқсаныншы жылдары түзету мекемесінде жазасын өтеген. Алайда, ол кезде де жаңа құжат алудың реті келмепті.

Владимир Горбунов, Мәртөк ауылының тұрғыны:

- Кеңестік паспортпен еш жерге жұмысқа алмады. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде жеке басымда қиындықтар болды. Кейін жеке шаруа қожалықтарында жалданып жұмыс істедім. Ол жерде ешкім құжат талап етпейді. Куәліктің қажеттілігін енді ұғып жатырмын.

Любовь Дю де осы уақытқа дейін құжатсыз жүрді. КСРО қызыл паспорты мен басқа да құжаттарын тоқсаныншы жылдары жоғалтып алған. Жеке куәлігі болмағасын ешбір мекеме жұмысқа алмаған. Сондықтан, әр жерде үй қызметшісі болып немесе ауызша келісіммен қара жұмыс істеп күн көріп келеді. Дегенмен, жуырда ғана көші-қон қызметі мамандарының көмегімен жаңа құжат алды. 

Любовь Дю, Қаратоғай ауылының тұрғыны: 

- Паспортсыз еш жерге алмайды. Балаларды асырау керек. Сондықтан осылай жалданып жұмыс істеуге тура келді. Көші-қон қызметі мамандары арқылы туу туралы куәлігіме дейін жасаттым.

Мамандар тұрғындардың осы кезге дейін құжатсыз жүруін сауатсыздығымен түсіндіреді. Әсіресе, алыс ауылдағылар анықтаманы қайдан, қалай алуды білмейді. Салдарынан, әлеуметтік, медициналық және құқықтық көмектен айырылады. Мәселен, ескі паспортпен жүргендердің көбі ешқашан ресми жұмыс істеп, зейнетақы алып көрмеген.  

Сапар Амантаев, облыстық Көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы:

- Құжатты қалпына келтіру үшін орта есеппен алты ай, тіпті одан да көп уақыт кетеді. Оның барлығы қай елдің азаматы жүгінгеніне және оның қанша бойы құжатсыз жүргеніне байланысты. Кейде колында бірде-бір құжаты жоқ адамдар келіп жатады. Кейде азамат өзінің тегін, атын, әкесінің атын немесе тіпті туған күнін еске түсіре алмайды.

Жақсыбек Кемал, тілші: 

- Қазір мұндай азаматтарға құқықтық көмек көрсетіліп, құжаттары рәсімделіп жатыр. Соңғы бір жылда 1974-ші жылғы үлгідегі КСРО қызыл паспортымен және туу туралы куәлігінсіз жүрген 169 азаматқа құжат берілген.  

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу