Шығыс Қазақстандағы жер асты суларының қорын анықтау кезінде көп қателікке жол берілген. Гидрогеологтар осылай деп дабыл қағуда. Судың мөлшері мен сапасын білу үшін іздестіру-барлау жұмыстарымен айналысқан мамандардың айтуынша, көп шаруа шала-шарпы жасалып жатыр. Осы саладағы кәсіпкерлер де тендердегі теңсіздікке де көп шағымданады. «Бірақ сотқа түскен істерді қарау уақыты сағызша созылып, халықты ауызсумен қамту жұмысы кейінге қалып келеді», - дейді олар.
Семейдің маңындағы Маралды ауылы көп жылдан бері таза суға зәру. Халықты тіршілік нәрімен қамту үшін былтыр осы жақта жерасты суларын іздеу-барлау жұмыстары жүргізілді. Жоба авторларының айтуынша, мердігер компания шығынды азайту үшін ұңғымаларды өздеріне ыңғайлы жерден ғана қазған.
Жарқын Орынбаев, гидрогеолог, жоба авторы:
- Содан кейін мына ұңғымалардағы құбырлардың ені бұзылған. Мысалы үшін, мына жердегі барлау ұңғымасында диаметрі 273 милиметр құбыр қойылу керек болса, мына жерде 168 миллиметрмен қазылған.
Жарқын Орынбаевтың айтуынша, мұндай олқылықтар басқа жобаларда да жетіп жатыр. Ал осы саланы қадағалайтын мемлекеттік мекеме мердігердің жұмысында ешқандай қателік жоқ деп мәлімдеді.
Айнұр Ақмырза, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
- Нақты координаттар көрсетілмейді, сондықтан жоба бойынша іздестіру барлау жұмыстары жүргізіледі. Бүгінгі күні заңбұзушылықтар тіркелмеген.
Жер астындағы суды барлау жұмыстары Катон-Қарағай ауданының Қайыңды ауылында да жүргізілген. Тіпті су құбыры да тартылып, халық таза ауыз су ішіп отыр. Бірақ тұрғындардың айтуынша, мердігер жаңа ұңғыма қазбай, ескісін қайта қойған.
Бағди Смағұлова, Қайыңды ауылының тұрғыны:
- Отыз жыл тұрған бұл, 1987-1988 жылдары жазда қазылған болатын.
Қайрат Қалиев, Қайыңды ауылының тұрғыны:
- Құбыры тұрған, соны тазалап, соны қайта іске қосты қайтадан.
Ал округ әкімі жаңа ұңғыма қазылғанына шүбә келтірмейді.
Серікхан Құрманов, Аққайнар ауылдық округінің әкімі:
- Қасында болған тағы да, соны бұрғылаттық қайтадан.
Соңғы 5 жылдан бері өңірдегі 263 ауылда жер асты суларының қоры тексерілген. Биыл тағы 61 ауылда осындай жұмыс атқарылуы тиіс еді. Бірақ осы саладағы кәсіпкерлердің тендер бойынша текетіресі ұзақ уақыт сотта қаралып жатқандықтан, жұмыс басталмай жатып тоқтап қалды.
Берік Көшербай