Қызылорда облысында дәріні қымбатқа сатқандарға 5 млн теңге айыппұл салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында дәріні қымбатқа сатқандарға 5 млн теңге айыппұл салынды

28.08.2020

Қызылорда облысында дәрі-дәрмек пен медициналық қорғаныш құралдарын қымбатқа сатқан жеке тұлғаларға 5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Тағы 8 адамның ісі сотқа жолданды. Заңбұзушылық деректерін өңірдегі мемлекеттік орган өкілдері мен арнайы мониторингтік топ анықтады. 

Індет өршіп, ел дәріхана жағалап жүргенде бас пайдасын ойлағандар препараттарды шекті бағадан қымбатқа сатқан. Тіпті кейбірі дәрі-дәрмекті құжатсыз саудалауға да тырысқан. 

Наурызбай Байқадамов, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:

- Қаулыға сәйкес барлық шекті баға қойылған. Бұлар соны артық бағаға сатқан. Фармацевтикалық қызметке рұқсат ету құжаттарынсыз дәрі-дәрмек өткізу мәселесі де тіркелді. Оның ішінде 6 жеке тұлғаға және 2 дәріханаға арнайы айыппұл салынды.

Заңды белден басқан жеке тұлғаларға 5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Сондай-ақ қылмысқа көз жұма қараған 8 азаматтың ісі сот қарауында. Жалпы, індет ушыққан кезде арнайы мониторингтік топ мүшелері 120-ға жуық дәріхана мен емдеу мекемелеріне бақылау жүргізген. 

Бақытжан Ниязов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Мақсатымыз мемлекеттік тапсырыс төңірегінде келген медициналық жабдықтардың діттеген мақсатына жетуін қамтамасыз ету болды. Осының нәтижесінде облыстағы денсаулық сақтау мекемелеріне бүгінгі күнге дәрі-дәрмектер мен қажетті медициналық құрал-жабдықтардың жеткізілуіне тиісті дәрежеде бірлескен бақылау жасалды.

Бүгінде аймақта ахуал тұрақты. Облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, дәрі-дәрмек қоры жасақталды. Ал бақылаушы тарап бұл бағыттағы тексерісті әлі де жалғастыра бермек.

Елжас Қайырбекұлы

Хабарламаларға жазылу