«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 7 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 61 мыңнан аса отбасы баспаналы болды. Ал «Нұрлы жол» бойынша республикалық және жергілікті маңыздағы 9,8 мың шақырым жолға құрылыс пен қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жыл соңына дейін индустрияландыру картасымен өңірлерде 160 жоба іске қосылуы күтілуде. Бұл туралы сала министрі Бейбіт Атамқұлов мемлекет басшысының қабылдауында айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев министрге көлік-транзит инфрақұрылымын жаңғыртуды тапсырды.
Сондай-ақ Президент сауда және интеграция министрін қабылдады. Бақыт Сұлтанов сауда саласының 2025 жылға дейінгі даму мүмкіндіктері туралы баяндады. Ал мемлекет басшысы сауда саласының сыртқы нарықтарға шығуын қалпына келтіріп және одан әрі дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Қасым-Жомарт Тоқаев отандық тауар өндірушілердің экспорттық әлеуетін ескеріп, ішкі нарықты сапалы әрі қауіпсіз өніммен қамтамасыз ету керек,-деді.
Нысаналы Ығыл