Алматы облысындағы «Нұр жолы» кеден бекетінде 2000-ға жуық жүк көлігі Қытайға өте алмай кептелісте тұр.
Қаз-қатар тізілген көліктердің көптігі сонша 45 шақырымға созылып жатыр. Жүргізушілердің шекара асуына Қазақстан тарапынан ешқандай кедергі жоқ. Мәселе көрші елде.
Қалыпты жағдайда бұл заманауи бекеттен күніне 200-300 көлік жөнелтілсе, қазір Қытай тарапы 5-10 көліктен қабылдауда.
Мамандар Қытай елінде коронавирусқа қарсы шаралар қайта күшейтіліп жатыр деген пікірді алға тартады. Ал жүргізушілердің алды ұзын сонар кезекте тұрғанына бір айдан асыпты. Мәселенің қашан шешілетінін дөп басып ешкім айта алмай отыр.
«Бүгін 31 күн болды жолда тұрғанымызға. 45 километр. 17-ші километрге келдім. Тағы 17 км бар таможняға дейін. Білмейміз қанша күн тұрамыз. Тұрған тұрып жатыр, жүрген жүріп жатыр»,- Үсенжан Абдрахманов, жүргізуші
«Қытай жағы қайтадан шектеу қойып тастады. Оларда мынау Үрімші қаласында коронавирус шыққанына байланысты. Сондықтан қазір тағы да Қытай жағы күніне 10-15 көлік қабылдап жатыр»,- Тұрсын Ермек, «Нұр жолы» кеден бекеті бастығының орынбасары