42 500 теңге жәрдемақыны проактивті түрде тағайындау үшін 700 мың қазақстандыққа SMS жіберілді.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осыдан бір күн бұрын, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов төтенше жағдай кезінде төлем алған азаматтарға, олардың қызметі ағымдағы жылдың шілде айында шектеулерге ұшырауы әбден мүмкін екенін, сондықтан төлемді проактивті тағайындау үшін кірісті жоғалту фактісін растау үшін SMS-хабарлама жіберілетінін айтты.
«Біз төлемдерді проактивті форматта тағайындауды қарастырамыз. Біз қызметі шектелген болса, соңғы рет төлем алған азаматтардан SMS арқылы табысын жоғалту фактісін растауды сұраймыз. Оң жауап пен проактивті түрде тағайындауға келісім болған жағдайда, төлемдер өтінішсіз тағайындалады. Олардың порталдарға өтініш беруінің қажеті жоқ, олар өз мәртебесін одан әрі қадағалай алады», – деді министр.
Сондай-ақ, Біржан Нұрымбетов төлемдерді тағайындау үшін өтініштерді қабылдау ағымдағы жылдың 17 шілдесінде басталатынын хабарлады. Порталдар мен telegram боттар бүгін күннің екінші жартысында іске қосылады.
Келесі арналарды пайдалана отырып, өтініш беруге болады:
- egov.kz порталы;
- 42500.enbek.kz порталы;
- «Электрондық үкімет» telegram-bot-ы;
- Aitu мессенджерінде 42500.enbek.kz қосымшасы;
- екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы.
Өтінімдерді қабылдау 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.