21 маусым — Медицина қызметкерлері күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

21 маусым — Медицина қызметкерлері күні

20.06.2020

21 маусым тек ҰБТ тапсыратын тәулік емес. Ақ халатты абзал жандардың, дәрігерлердің меншікті мерекесі. Біз құттықтаймыз. Пандемия уақытында дәрігер мен мейірбикелердің қадіріне қарапайым қараша жетті деп білем. Өйткені Ковид-19 қызметіңе, атағың мен абыройыңа қарап жатпайды. Қалт кеткенді шалып жығады. Осы қиын-қыстау кезде сіз бен біздің өмірімізге арашашы болып жүрген жандарға барша адамның атынан алғыс айтамыз. Аман болыңыздар, өйткені сіздер бізге ауадай қажетсіздер. Қазір емес, үнемі солай болған. Ақ халаттыларды қаралап өздеріне абырой жинауға тырысатын желінің желөкпелері бар ғой. Олардың сөздеріне өкпелемеңіздер. Олар бұрын да болған, қазір де бар, бола береді. Бастысы біз, қарапайым халық, дәрігерлерге ризамыз. Осы датаға сәйкес Ұлттық арна ертең Медицина қызметкерлерінің күніне орай "Абзал жандар телемарафонын" өткізетінін хабарлаймыз. Егер сіздің ақ халаттыларға айтар алғысыңыз, тілегіңіз болса press@kaztrk.kz поштасына жолдаңыздар. Дәрігерлер бізден алғыс күтпейді, өйткені олар сәт сайын адамның өмірі үшін күреседі, бұл істі олар өз міндетіміз деп қабылдайды. Бірақ біз, алғыс айтуға міндеттеміз. Өйткені біріміздің анамызды, әкемізді, бауырымыз бен досымызды өлім аузынан алып қалған нағыз батырлар, жұлдыздар арамызда жүр. Қазіргідей ән айтқаны бақадай шулап, билегені балықтай тулаған кезде желіге желімдей жабысқан желөкпелер көп екенін білеміз. Олар жұрттың жүйкесін тоздырып, назарын аудару үшін барын салады. Бірақ сол ғаламторды мұқият қарасаңыз қазір керемет бір челендж бар. Дәрігерлерге қол соғып, құрмет білдіріп алғыс айтуға арналған. Бізде қосыламыз...


Хабарламаларға жазылу