Ағаштан бұйым жасауды отбасылық кәсіпке айналдарған азамат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ағаштан бұйым жасауды отбасылық кәсіпке айналдарған азамат

19.06.2020

Соңғы 3 жылда оңтүстік өңірлерден Солтүстік Қазақстан облысына 4 мыңнан астам адам көшіп барды. Теріскейге табан тірегендердің бірі — Жалын Серікжанұлы. Шалғайдағы ауылға қоныс тепкен ол, бүгінде ұлттық қолөнерді жандандыруда. Шебердің қолынан шыққан ерекше бұйымдар көптің сұранысына ие.

Жалын осыдан 6 жыл бұрын ата жұртқа Қытайдан көшіп келген. Әуелі 4 жыл Шымкент қаласында білім алып, екі жыл бұрын Солтүстік Қазақстанға қоныс аударды. Содан бері қолынан қашауы түскен жоқ. Ағаш жонып, тұрмыста қажетті бұйымдар мен музыкалық аспаптар әзірлейді.

Шебер домбыраға ат мінген батырдың бедерін ойып салмақ. Ұлттық аспапты жасау үшін ол қайың ағашын қолданады. Төзім мен ептілікті шығармашылықпен ұштастырған Жалын, ұсталық — кәсіптен бұрын жан қалауы дейді. қазір ол ұлттық өнерге өз інісін де баулып жүр.

Шебердің қолы ортақ демекші өнімдері сұранысқа ие. Тек жергілікті тұрғындардан ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен де тапсырыстар түседі. Қазіргі күні қолөнер отбасылық кәсіпке айналған. Ағаш бұйымдардан басқа, ұлттық нақышта көрпе-жастық та тігеді.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу