Елімізде вакциналар туралы ақпарат тарататын арнайы сайт ашылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде вакциналар туралы ақпарат тарататын арнайы сайт ашылуы мүмкін

16.06.2020

Тақырыпты зерттеп жүрген белсенділер бүгін осындай ұсыныс жасады. Олардың айтуынша, екпеге қатысты ақпарат ашық әрі қолжетімді болуы тиіс. Өйткені, қазір вакцинация мәселесі қызу талқыланып жатыр. Бірі оны қолдаса, қарсы шығып жатқандар да бар. Бүгін қос тараптың өкілдері онлайн форматта кездесу өткізді.

Елімізде екпеден бас тартатындар жоқ емес, бар. Бірақ, алып қашпа әңгіме көп. Ал мамандар жел сөзге ермеуге кеңес береді.

Екпеден бас тартудың басты себебі – оның сапасы. Заңда өндірушілер мен тасымалдаушылардың жауапкершілігі күшейтілген. Ал екпе жасайтын мамандардың кінәсі дәлелденсе, жаза бөлек. Ал екпенің сапасы Еуропада қалай тексерілсе, бізде де солай. Яғни, зертханалар еуростандартқа сай.

Жалпы, Денсаулық кодексі қоғамда қызу әрі ұзақ талқыланды. Белсенділерден үш мыңнан астам ұсыныс түсіп, құжатқа 700-ден астам түзету енгізілген. Соның көбі екпеге қатысты. Ал вакцина инфекциялық аурулардан қорғанудың ең тиімді әрі төте тәсілі екені ежелден ғылыммен дәлелденген.

Амангелді СЕЙІТХАН


Хабарламаларға жазылу