Қазақстандық аудитория сенімді ақпарат көзі ретінде телевизияны таңдайды. Бұл туралы «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай отандық БАҚ саласын дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел жиынында айтты.
Ләззат Танысбай TNSGallupMedia жүргізген зерттеуге сәйкес, коронавирус пандемиясы кезінде респонденттердің 52%-ы дәстүрлі медианы, оның ішінде телевизияны ең сенімді ақпарат көзі ретінде таңдағанын атап өтті. Аталған кезеңде теледидар көру белсенділігі Қазақстанда 22%-ға артқан.
«Соңғы 90 күнде Youtube-тағы танымал жобалардың жиырмалығын отандық телеарналардың контенті құрап отыр. Бұл жағдайда интерет телевизиялық контентті танымал етудің қосымша құралына айналып отырғанын көре аламыз. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының барлық медиаресурстарындағы жазылушыларының саны 6 миллионға жуық. Оның ішінде Youtube-арналардағы жазылушыларының саны 4 миллионды құрайды. Яғни, бұл біздің дәстүрлі телеаудиториядан бөлек, қосымша тұтынушыларымыз», - деді Басқарма төрайымы.
Сондай-ақ телевизия өзінің әлеуметтік жауапкершілігін ешқашан ұмытпайтынын атап өтті.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы өз бағытына берік, дәстүріне адал. Ол дәстүрлер - ұлттық құндылықтарды насихаттау, этносаралық бірлікті нығайту әрі жаһандану дәуірінде басқалармен бәсекелес бола білу. Бұл - телевизияға деген сұраныс артып жатқан бүгінгі кезеңде аса маңызды»,- деді Л.Танысбай.
Бір ғана мысал, «Qazaqstan» Ұлттық арнасының аудитория үлесінің өсімі жыл басынан бері 96 пайызды құраған. Ал пандемия кезінде интернет-платформалардағы қашықтықтан оқыту жүйесіне балама ретінде «Balapan» телеарнасының эфирінде арнайы қашықтан оқыту бағдарламасының ұйымдастырылуы дәстүрлі электронды БАҚ-тың маңыздылығы мен ықпалын көрсетті.