Алматы қатаң карантинге ауысуы мүмкін. Бұл туралы шаһар басшысы ескертті. Бақытжан Сағынтаев қаланың әр тұрғыны жауапты, санитарлық талаптар сақталмаса әрі жағдай қазіргіден нашарласа, қатаң режимге ауысамыз деді. Мегаполис басшысының сөзін мемлекеттік бас санитарлық дәрігер де құптады. Жандарбек Бекшиннің сөзінше, егер күн сайын коронавирус жұқтырғандар саны артса, карантиндік режимді қайта күшейтуге тура келеді. Сондай-ақ қаладағы жұмысы жанданған нысандар жіті қадағаланады. Егер жүйелі түрде ескерту алып, карантин талаптары бұзыла берсе, мұндай мекемелер қызметі тоқтатылады.
Осы ретте Алматы саябақтарындағы тәртіпті қадағалау үшін туристік полиция кезекшілік етеді. Тұрғындардың көп жүретін орындарда тәртіп сақшылары түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп отырады. Туристік полицияның құрамында 24 адам бар. Олард арнайы дайындықтан өткен. Сондай-ақ, бірнеше шет тілін біледі.
Қуан НҰРАҚЫН