Шетелде жеке табыс салығын қалай төлейді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелде жеке табыс салығын қалай төлейді?

30.05.2020

Дәстүрлі студиядан тікелей эфирді жалғастырайық. Бар ойымыз ағайынға ой салу, қарапайым қарашаға ақпаратты анық, сюжетті қанық қылып көрсету. Еркіннің сюжетінен соң қазақтың «қираған қыстақ салық төлемейді» дегені санаға сап ете қалды. Әрине, тапқаны там-тұм халықтың табысына қол салып, бір салғанда мол салып қинап кететін болса ондай тәртіптің түкке керегі жоқ. Екінші жағынан, мемлекет халықты салықтан босатуға тырысып қадам жасаса, оны бай-бағландар өздерінің пайдасына жұмсаса онда тәртіпті тым қатал қылудан басқа амал қалмайды. Осының тең ортасын табу нағыз қиямет қазір. Бірінші бөлімде қарт құрлықты мысал қылып айлықтарын айтқанда сөмкесін жинап Швейцария мен Данияға билет іздеп кеткендеріңіз болса сабыр қылыңыздар. Өйткені қазір қызықтың көкесін көрсетеміз. Табысты бергенінен қайтарып алғаны көп мемлекеттер бар. Ол табыс салығы деп аталады. Мысалы Италияда жалақының 22 пайызы ұсталынады, Аргентинада 21 пайыз айлық есепте болғанмен қолға тимейді, Германияда жұрттың жалақысының 19 пайызы салық ретінде қазынада қалады. Сондықтан «ақша ашпайтын құлып жоқтың» керімен шетелдегілер шалқып жүр деуге және болмайды. Мұның бәрі ресми дереккөздерден алынды. Сондықтан біздегі кемшіліктерді көрсетіп артынша шетелмен көмкеруге тырыстыңдар деп айыптамаңыздар ағайын. Сырттан тон пішпейік деп, өзге елге қарап өзеурейтіндер болса көрсін деген ниетпен біз әлемнің әр түкпіріне меншікті тілшілерді жібердік. Алдыңғы материалдарда «шетелге құл боп барып хан боп қайтқан, жұрттың бәрі Бейбарыс боп тумайтынын» ескерген шығарсыздар.

Айдос ӘШІМ 


Хабарламаларға жазылу